Live

Шымкенттегі әйел өлімі: күдікті қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Шымкентте әйелді қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша резонансты сот процесі аяқталды.

сот

 Сот күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы ауыр психикалық дертпен есепте тұрған және екінші топтағы мүгедек болған. Ол бірнеше рет психиатриялық стационарда ем қабылдаған, соңғы рет 2025 жылы ауруханаға жатқызылған.

Сот-психиатриялық сараптама шабуыл кезінде ер адамның есі дұрыс болмағанын растаған.

«Ол өз әрекетінің қоғамдық қауіптілігін түсінбеген және мінез-құлқын басқара алмаған. Сонымен қатар психикалық жағдайына байланысты тергеу әрекеттері мен сот отырыстарына қатыса алмайды. Сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем тағайындады. Қылмыстық іс тоқтатылды», — деді судья Бақытжан Туналиев.

Не болған еді?

Қайғылы оқиға қаңтар айының соңында Шымкенттің Әл-Фараби ауданында болған.

Қолында пышағы бар ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелге шабуыл жасаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстауға тырысқанымен, ол қарсылық көрсетіп, пышақпен тәртіп сақшыларына ұмтылған.

Шабуылдаушыны тоқтату үшін полицейлер қызметтік қару қолданған.

Белгілі болғандай, қылмыстық іс фигуранты бұған дейін де сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген.

Қаза тапқан әйелдің артында күйеуі мен екі қызы қалды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз