ШҚО-да жол апатынан көз жұмған қыздың ата-анасы жүргізуші әділ жазалануын сұрайды
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 21 тамыз кешінде Самар ауданының Құлыжон ауылында болған. 17 жастағы Гаухар Фархатқызы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан 35 жастағы Р. Конопьянов басқарған LADA көлігі қағып кеткен. Көлік Күршімнен Өскеменге қарай бағыт алған.
Соққының қатты болғаны соншалық, қыз 20 метрге ұшып түскен. Ол бас-ми және кеуде жарақатын алып, 20 күн жансақтау бөлімінде жатқанымен, дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан 2025 жылғы 9 қыркүйекте көз жұмды.
Сараптама жүргізушінің кемінде 94 км/сағ жылдамдықпен қозғалғанын және жаяу жүргіншілер өткелінде де жылдамдықты төмендетпегенін анықтады. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін тиісті жазасын алмаған.
Қайғылы оқиғадан бері жеті ай өтті. Марқұмның ата-анасы – Фархат пен Құралай Садықовтар әлеуметтік желілерде өз қайғыларын бөлісті.
Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап жүрген адвокат Ерлан Қырықбаев істі тергеу барысында өрескел процессуалдық заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Самар ауданындағы анықтау органдары сараптама тағайындау кезінде заң талаптарын бұзған.
Кейін жәбірленуші тараптың шағымдары мен өтініштері негізінде Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті араласып, заңсыз сараптамалық қорытындылар дәлелдер қатарынан алынып тасталған. Қазіргі уақытта іс бойынша объективті тергеу жүргізіліп, материалдар Самар аудандық сотының қарауына берілген.
Марқұмның ата-анасы мен қорғаушысы әділ сот шешімін күтуде.