ШҚО трассасында екі адам қаза тауып, бір адам ауруханаға жеткізілді
Шығыс Қазақстан облысында жол апаты болып, екі адам көз жұмды, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді.
Апат 24 сәуір күні Алматы — Өскемен — Ресей шекарасы тасжолының 1139-шақырымында, Глубокое ауданындағы Берёзовка ауылы маңында болған. Mazda және JAC маркалы автокөліктер соғысқан.
Куәгерлердің айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік қатты мыжылған.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Mazda көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Ал JAC көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін Ақмола облысында болған жол апаты салдарынан үш адамның қаза тапқаны хабарланған еді.