Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 31 Қаңтар 2024

«Шошқаға субсидия 40 есе көп» : Қазыбек Иса жылқы етін мемлекеттік сатып алуға енгізуді ұсынды

жылқы
Фото: из открытых источников

«Ақ жол» партиясы Фракциясының мүшесі Қазыбек Иса депутаттық сауалында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа солтүстік және шығыс өңірлердегі жылқы шаруашылықтарының жағдайы жайлы айтты, деп жазды Zhasalash.kz.

Қазыбек Иса жылқы етін мемлекеттік сатып алуға енгізуді ұсынды. Сонымен қатар үкіметке шұғыл жүргізілуі тиіс жұмыстарды айтты. 

Мәжіліс депутаты шаруалар жем-шөбі жоқ, субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі барын айтты. Өйткені, бүгінде фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да, жылқыны арзан бағаға болса да соғымға сатып жатыр.

"Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басына қатысты адамдар дабыл қағуда. Зеренді ауданындағы Ақәділ, Васильков, Заречный, Шағалалалы сияқты ондаған ауылдарда жұрт жем-шөп таппай қиналып отыр. Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да онша емес. Шөптің бағасы да тым шарықтап кетті. Тіпті жайылым жерден мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Жанармай құны 300 тг-ден асып кеткен. Осындай қыс қыспағымен қиын-қыстаудың кесірінен әр ауылда жылқылар өліп жатыр. Қолындағы бар жылқысын тұяқ қалдырмай түгел сатып жіберген фермерлер де көп. Яғни көптеген ауыл тұрғындары көтерем болған көп жылқы көктемге жете алмай қалуы мүмкін деп дабыл қағуда",- деді ол сауалында. 

Қазыбек Иса қауіптің алдын алу үшін Үкімет шұғыл кешенді жұмыстарды айтты.

"1. Үкімет пен құзырлы министрліктер, ведоствалар, әкімдіктер қазаққа қадірі артық жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы жол картасын жасауы қажет.

2. Бүгінгі ең үлкен мәселелердің бірі шаруалар бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты, өз бағасына сата алмай қиналуда. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Тағамын таңдап ішетін, сұлтандардың сүйікті асы болған, жеңіл қорытылуы мен денсаулыққа пайдасы ғылыми дәлелденген текті жануар, тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма? Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауы тиіс. Бізде мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да субсидия бар. Ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия жоқ. 2023 жылы жылқыға бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, ал шошқаға 2,1 млрд теңге бөлінген. Яғни жылқыға бөлінген қаржы жылқыдан 40 есе көп. Шошқаға ерекше қамқорлықтың сыры неде?

3. Биыл ауыл шаруашылығы үкіметтен мүйіз сұраймыз деп, құлағынан айырылмақ түрі бар. Өйткені 2024 жылдың қаңтар айындағы өзгерістерге сәйкес, енді мал шаруашылығын субсидиялау төтенше жағдай жариялаған немесе қолайсыз ауа-райы расталған өңірде ғана мал азығын дайындауға теріс әсер еткен жағдайларда ғана беріледі. Шаруалар субсидия алу үшін ауа-райы қашан бұзылады деп, аспанға қарап отыруы қажет пе? Жемқорлықты желеу етіп, субсидияны тоқтатып қоюдың кесірі өте ауыр болатынын ескертемін. 

4. Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын нақты шешуі керек."- деп түйіндеді ол.