Шпекбаевтың мәселе шеше алатынына күмән бар
Қоғамда қызу талқыланып барып қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабы бойынша мұғалімді кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмысқа тартуға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге, мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.
Бір сөзбен айтқанда, мұғалім көше сыпыру, арық-атыздарды тазалау сияқты жұмыстарға жегілмеуі тиіс. Өз қалтасынан ақша шығарып, мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу де оның міндетіне жатпайды. Ал енді қағаздағы заң шынайы өмірдегі жағдаймен қаншалықты үйлесіп жатыр?
Жуырда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке қарай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтарды лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жазды А.Аймағамбетов министрліктің ресми сайтында.
Министрдің мәлімдеуінше, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге 100-ден астам өтініш келіп түскен. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға, білім алушылардың ата-аналарына қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылған. «Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады», – деп түйіндепті Аймағамбетов әңгімесінің соңын.
Министр мысалға келтірген екі факті де Түркістан облысында орын алған. Солардың бірі Кентау қаласы Шаға ауылдық округіндегі Молда Мұса мектебінің мұғалімі Света Ысқақова тамыз айының басында фейсбуктегі парақшасында сынып бөлмесін өз қаражатымен бояп-сырлап жатқан суретін жариялап: «Атыңнан айналайын үкімет деген… Сенің арқаңда сыныбымды халықтың баласы үшін өз қаражатыма өзім жөндеп алдым… Қызық!? Осы сыныптардың жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлді екен? Ол қай жерде қалды екен? Ол қаражатты санаған адам арзымаған ақша үшін шетелге кете қоймас», – деп жазған болатын.
Шамасы, министрлік тексеруді осы жазбадан кейін бастаған сияқты. Біз осы аптада Света Ысқақованың өзіне хабарласқан болатынбыз.
– Бұл кезде мектеп директоры демалыста болғандықтан, директордың міндетін атқарып отырған шаруашылық жөніндегі меңгеруші жауапқа тартылды, – деді бізге мәселенің мән-жайын түсіндірген ол. Білім беру саласындағы проблемаларды бүкпесіз, ашық айтудан қорықпайтын ұстаз карантин кезіндегі онлайн сабақ берудің қиындықтарын да алға тартты.
– Интернеттің сапасыздығынан балаларға онлайн сабақ беруде көп кедергілер кездесуде. Бір видеоны жүктеу үшін бір сағат уақыт кетеді. Мұндай сапасыз интернетпен қалай онлайн сабақ береміз? – деді мұғалім.
Бірақ ұстаз біткеннің бәрі Ысқақова сияқты шындықты бетке айтатын, өз құқығын өзі қорғай білетін батыл емесін де мойындау керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңның орындалуы бірінші кезекте мұғалімнің өзіне, дәлірегі оның белсенділігіне, қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарамайтынына байланысты. Алайда мемлекет әділетсіздікпен күресетін ұстазға қандай қолдау көрсетіп отыр? Біздің негізгі айтпағымыз осы еді.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын біз «Жас Алашта» Кентау қаласына қарасты Шаға ауылдық округіндегі Вахидов атындағы мектепте болған оқиғаны жазған болатынбыз. Былтыр аталған білім ұясының директоры Меринса Изатуллаева мұғалімдерден ақша жинап қоймаған соң, мектеп мұғалімі Сайдакбар Рахметов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық департаментіне арызданады. Директор 5000 теңгені қолма-қол алу барысында ұсталады. Алайда департамент тергеушілері бұл істің соңын сұйылтып жіберген. Пара алу бабымен қозғалған қылмыстық іс кейін қызмет бабын теріс пайдалануға ауыстырылады, ақыр аяғында Изатуллаева қылмыстық жазадан босатылады. «Ақшаны СЭС-тің салып кеткен айыппұлынан құтылу үшін сұрадым» деп, өзінің заңсыз әрекетін мойындаған директордың қалайша судан құрғақ, диірменнің тасынан бітеу шыққаны осы уақытқа дейін түсініксіз. Антикор Изатуллаеваның тәртіптік мәселесін Кентау қалалық білім бөліміне жолдайды. Ондағылар оны қызметінен босатады. Алайда кейінірек директорды соттың айыптау актісі болмайынша, қызметінен босатудың заңға қайшы екені анықталады. Изатуллаева орнына қайта оралды. Екі ортада әділетсіздікпен күресемін деген Сайдакбар Рахметов ақымақ болып қала берді. Мұғалімдерден ақша жинаған, қолма-қол қаражатпен ұсталған директорды тым құрыса қызметінен де кетіре алмаған, ал арызданушыны жерге қаратқан антикорға осыдан кейін кім сенеді?
P.S. Жалпы, президенттің Ақордадағы жиыны мен кешегі жолдаудан кейін елде сыбайлас жемқорлықпен күрестің бағыт-бағдары өзгеретін сияқты. Жемқорлықпен күрестің жолайрығында тұрған сияқтымыз. Ал Алик Шпекбаевтың мәселе шеше алатынына күмән бар. Вахидов мектебіндегі жағдай газетте, әлеуметтік желіде бір емес, бірнеше мәрте жарияланды. Өкінішке қарай, не Алик Шпекбаев, не аумақтық департамент басшылары бұл мәселеге қатысты бір ауыз пікір білдіруге жарамады. Түсінеміз, өйткені Алик Шпекбаев елдің пікірімен санасып, талап-тілегіне құлақ түріп жүретін Асхат Аймағамбетов емес қой.