Шу ауданында Сәрсенбековке сенімсіздік білдіру – миллион тұрады
Шудың шенеуніктері 2022 жылы төрт ауылда салынуы тиіс шағын спорт алаңдарының құрылысын пайдалануға беріп, қаржысын 99 пайыз игеріп тастаған. Құжат бойынша!
Сол-ақ екен, аталған елді мекендерден сайланған депутаттар ол алаңдардың құрылысы бітпегені былай тұрсын, басталмағанын айтып, байбалам салады. Міне, осы заңсыздыққа жауапты деп ұйғарып, Шу ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбековке сенімсіздік білдірген сол 10 депутат бұл күндері сот алдында жауап беруге мәжбүр. Әкім орынбасары соттан «ар-намысы, іскерлігіне нұқсан келтіргені үшін» он депутат жазбаша және бейне түрде кешірім сұрасын деп шіреніпті. Кешірім сұрамаса, әрқайсысынан 1 миллион теңгеден өтемақы өндіріп беруді талап етіп жатыр екен.
Шу аудандық мәслихатының депутаты, Мақсат Сұлтанғазиев:
– Шу аудандық мәслихатының кезекті сессиясында бізге аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков 2022 жылы 4 ауылда, атап айтқанда, Далақайнар, Мойынқұм, Ақтөбе және Еңбекші ауылдарында жалпы құны 71 миллион 200 мың теңгеге 4 шағын футбол алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді деп есеп берді. Бірақ ол ауылдардан сайланған депутаттар ауылдарында не салынып, не болып жатқанын жақсы біледі ғой. Ол кезде шағын футбол алаңдарының құрылысы аталған ауылдарда басталмаған да болатын. Бірақ құжат бойынша қанттай қылып, қаржысын 99 пайыз игеріп, пайдалануға беріп тастаған. Біз халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс мемлекеттің қаржысын бұлай талан-таражға салынуына жол бермейік деп қарсылық танытып, талап еттік. Содан «құрылыс материалдары сатып алынып қойылған, аудан әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінде тұр» деп бізді тағы алдағысы келді. Бірақ ол жерде де футбол алаңдарына қажетті құрылыс материалдары жоқ болды. Біз сосын аудандық мәслихаттың 10 депутаты Шу ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбековке сенімсіздік танытып, қызметіне сай еместігі жөнінде Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке ұсындық. Аудан әкімі 15 күнде шешім қабылдау керек еді, өкінішке қарай, 2 айдан кейін ғана жауап алдық. Бірақ біз байбалам салғанның нәтижесінде аталған 4 ауылда футбол алаңдарының құрылысы басталып, қазіргі таңда үш ауылда пайдалануға берілді. Еңбекші ауылындағы футбол алаңының құрылысы жүріп жатыр.
Басында он едік, қазір бесеу қалдық. Бір депутат мандатын тапсырып кетті, үш-төртеуін аға-көкелері райынан қайтарған сияқты.
Бұл Сәрсенбековтің Шуда түкірігі жерге түспей тұрғандай. Депутаттарды сотқа беріп, ақша талап етіп отырғаны – мұндай қарсылықты көтере алмағаны. Оның атына қатысты кез келген мәселе оңай шешіліп үйренген. Салыстыру үшін айтсақ, қайбір күні Құланда шағын кәсіпкерлікпен айналыспақшы ниетпен аудан әкімдігіне жер сұрап барып, боқтау естіп, жер болып қайтқан ананың жанайқайын жазғанбыз. Ал Шуда Г.Толқымбаеваның жерге жекеменшік құқығын беру туралы өтінішін шулық шенеуніктер жүгіріп жүріп, биыл қаңтардың 4-і күні бірінші шешімімен шығарып беріпті. Өйткені Грияда Толқымбаева Сәрсенбековтің әйелі. Шу қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ж.Аймамбет шығарған шешімге сәйкес, Шу қаласы Қаныш Сәтбаев №163\1 жер телімінен ғимаратқа қызмет көрсету үшін алаңы 0,4330 гектар жер учаскесіне жекеменшік құқығы беріліп, оған Толқымбаева ие болып шыға келген. Ал аудандық жер комиссиясының төрағасы орынбасар әкім С.Сәрсенбековтің өзі екен.
«Бұл Жамбыл облысы Шу қалалық электрлік желісінің (РЭС) жалпы алаңы 487,3 шаршы метрді құрайтын нысанының жері. Бұл нысанды жуырда әкім орынбасарының әйелі сатып алыпты. Яғни әйелінің атынан нысанды сатып алған, жерін аудандық комиссияның төрағасы ретінде өзі бас болып, заңдастырып берген», – дейді Шу аудандық мәслихатының депутаты Асқар Қомаев.
Келесі мәселе – аудандағы мемлекеттік сатып алу, жалпақ тілмен айтқанда, тендер. Бұл істе де Сәрсенбековтің желі ылғи оңынан соғып тұрады. Баласы Төлеби Серікұлының басқаруында «ASTD CONSTUCTION» фирмасы бар. Бұл фирма Сәрсенбеков Шу ауданы әкімдігінің бөліміне басшы болған 2016 жылдан бері жылына жүздеген миллион теңге мемлекеттік сатып алу қызметін «бір көзден» ұтып келіпті. Әзірге соңғы ұтқан тендері 29.05.2023 жылы Сейтімбетов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіруге жеңіп алған 58 миллион 906 мың 647 теңге. Аздаған ақпарат ретінде шағындап айтып жатырмыз.
Сәрсенбеков пен депутаттар дауына қайта оралсақ. Әккі орынбасарға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков те, Шу аудандық мәслихатының хатшысы Жасұлан Әбенов те қарсы келе алмайтын сияқты. Аудан әкіміне орынбасарының депутаттарды сотқа беріп, Шуды шулатып жатқаны қайбір абырой дейсіз? Ал мәслихат хатшысының тірлігі тіпті түсініксіз. Аудандық мәслихаттың 17 депутатының 10-ы сенімсіздік танытып жатқанда, үнсіз қалғаны қайран қалдырады.
Айтпақшы, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Абдалы Нұралиев пен «Аманаттан» барғандар да депутаттардың өздерін жаман атты қылып, бір-біріңнен кешірім сұрап, татуласыңдар деп ақыл айтып кетіпті. Шулық депутаттар облыстық Қоғамдық кеңестен келген, бірнеше ауданды басқарған, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы болған Батырбек Құлекеев қана сөзімізді сөйледі, қалғаны зам әкім жаққа шығып кетті деп өкпелеп отыр. Сайлау арқылы келген депутаттардың ел алдындағы, шенеуніктер алдындағы салмағы артады, ықпалы көбейеді дегенді бір жерден естіген сияқты едік осы...
Нұрболат ӘЛДИБЕК