Щучинскіде «Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс: жаңа күдіктілер ұсталды
Ақмола облысында Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылысқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Іс аясында тағы екі күдікті ұсталды.
Ведомствоның мәліметінше, 20 сәуірде автогаз құю станциясының (АГҚС) директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталған. Олар баллондарды толтыру және жеткізу кезінде заң талаптарын бұзды деген күдікке ілінген.
Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету, абайсызда адам өліміне және екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіру») бойынша сараланған.
«Сот санкциясымен күдіктілердің біріне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал екіншісі үйқамаққа алынды», – деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.
Аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Не болды?
Бұған дейін Щучинскідегі «Центр плова Loft» кафесінде жарылыс болып, 12 адам қаза тапты. Қазіргі таңда іс екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша арнайы прокурорлардың өндірісінде.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.