Live

Щучинскідегі «Палау орталығындағы» жарылыс: кафе иесінің қамау мерзімі ұзартылды

Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылысқа байланысты қамауға алынған мекеме иесінің қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл туралы Ақмола облыстық прокуратурасы мәлімдеді.

Шучинск

Кафе иесіне қандай айып тағылды?

Кафе иесі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлға ретінде күдікті деп танылған. Ол наурыз айының басында екі айға қамауға алынған болатын. Енді сот санкциясымен қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.

Сәуір айының соңында іс бойынша тағы екі адам – автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталғаны хабарланған. Тергеу мәліметінше, олар баллондарды толтыру және жеткізу кезінде заң талаптарын бұзды деген күдікке ілінген.

Олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша («Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету, абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіруі және адам өліміне әкелуі») сараланған. Бұл бап бойынша сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Күдіктілердің біреуі қамауға алынса, екіншісі үйқамаққа жіберілген.

Тергеу жалғасып жатыр

Қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сонымен қатар ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу») бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Зардап шеккендердің жағдайы

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендердің басым бөлігі ауруханадан шығарылған. Қазір екі адам Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханада күйік жарақатымен ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын «тұрақты» деп бағалауда.

18 сәуір күні оқиғадан кейін комадан шықпаған тағы бір науқас жансақтау бөлімінде көз жұмған. Осылайша қаза тапқандар саны 12 адамға жетті.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Щучинскідегі «Центр плова» кафесіндегі жарылыс 2026 жылғы 26 ақпан күні кешке болған. Алғашында жеті адамның қаза тапқаны хабарланған: бесеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы екеуі кейін реанимацияда қайтыс болған.

27 ақпанда Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов жарылыс салдарынан 28 адамның зардап шеккенін, қаза тапқандар арасында кәмелетке толмаған бір адамның бар екенін мәлімдеген.

Кейін көз жұмғандар саны өсе түсті: 3 наурызда тоғыз адамға, 11 наурызда он бір адамға жеткен. Дәрігерлер ауыр халдегі науқастарды аман алып қала алмаған.

Қанша өтемақы төленді?

Әкімдік мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық өтемақы төленген. Қаражат үш тараптан бөлінген:

  • әкімдік тарапынан – 30,2 млн теңге;

  • «Центр плова» кафесі тарапынан – 43,7 млн теңге;

  • кәсіпкерлер тарапынан – 10,2 млн теңге.

Жалпы төленген өтемақы көлемі 84,1 млн теңгені құрады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өтемақы көлемі зардап шеккендердің жарақатының ауырлығына және қажеттілігіне қарай есептелген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз