Әлеумет

Щучинскідегі жарылыс ісі: айыпталушылардың бірінің қызы Тоқаевқа үндеу жасады

Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жарылысқа қатысты іс бойынша айыпталушылардың бірінің қызы Президентке үндеу жасап, қылмыстық істің объективті, жан-жақты және әділ қаралуын қамтамасыз етуді сұрады.

Кристина

Оның айтуынша, оның әкесі көп жыл бойы тек газ баллондарын тасымалдаушы жүргізуші болып жұмыс істеген. Ол автогаз құю бекетінің иесі, кафе басшысы, жанармай құю операторы немесе газ жабдықтарына қызмет көрсететін маман болмаған.

Оның сөзінше, әкесіндегі куәлік тек қауіпті жүктерді тасымалдауға ғана құқық берген. Бұл құжатқа газ баллондарының техникалық жағдайын бақылау, автогаз құю станциясының жұмысын қадағалау немесе өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауап беру міндеттері кірмеген.

Әйел қорғаушы тараптың тергеуден бірнеше рет әкесінің нақты қандай заң талаптарын бұзғанын, қарапайым жүргізуші ретінде автогаз құю бекетінің жұмысына қалай ықпал ете алғанын және оның қандай әрекеті қайғылы оқиғаға себеп болды деп есептелетінін түсіндіруді сұрағанын айтты.

Алайда оның айтуынша, отбасы бұл сұрақтарға әлі күнге дейін толық әрі нақты жауап ала алмаған.

Үндеуінің соңында ол Мемлекет басшасынан істі қарау кезінде заңдылық, объективтілік және әділдік қағидаттарының сақталуына назар аударуды сұрап, сөз тек әкесінің тағдыры ғана емес, қоғамның құқық қорғау және сот жүйесіне деген сенімі туралы болып отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 26 ақпанда болған. Қатты жарылыстан кейін дәмханада өрт шығып, салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 16 адам түрлі жарақат алған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану орнының қызметкерлері болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, апатқа ақауы бар газ баллоны себеп болған.

Мемлекеттік айыптаушы Елена Сайлаубекованың айтуынша, жарылыстың техникалық себебі дәмхананың жеке бөлмесінде газ бен ауаның жарылыс қаупі бар қоспасының түзілуінен болған. Айыптау тарапының мәліметінше, асүй дәлізінде тұрған газ баллоны жарылып, газ сыртқа шыққан.

Қылмыстық іс бойынша тергеу төрт айға жуық уақытқа созылған.

Айыпталушыларға тұрмыстық газ баллондарын пайдалану және қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айып тағылып отыр.

Сотта айыпталушылар өздерінің жүздерін бейнекамераға көрсетуге тыйым салды. Олар зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындарынан кешірім сұрағанымен, тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеді.

Зардап шеккендердің бірі Сайлау Рахымжанов жарылыс сәтін толық есіне түсіре алмайтынын айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз