Шымкентте еркін күрестен спорт шеберін өлтірді деген айыппен алты адам сотталып жатыр
Шымкентте еркін күрестен спорт шебері, 40 жастағы Василий Колесниковтың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот жарыссөзі басталды.
Прокурор алты айыпталушыны 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қылмыс биыл қаңтарда болған. Күндіз жол апатынан кейін жол үстінде жанжал шығып, Шымкент тұрғыны күштеп әкетілген. Кейін оның өлтірілгені анықталды.
Сот алдында Мақсұт Арысбаев, Әлихан Ерімбет, Рауан Инкарбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар және Жанділдә Қуандықов жауап беріп жатыр. Тағы бір күдікті Марат Дауласов халықаралық іздеуге жарияланған. Тергеу болжамды тағы бір қатысушының жеке басын анықтай алмаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп тануды сұрады.
Прокурор әрқайсысына 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ жәбірленушіге моральдық зиян өтемақысы ретінде әрқайсысынан 10 миллион теңгеден өндіріп алуды талап етті.
Бұл жерде Василий Колесниковпен бірге көлікте болған Мақсат Қошқынбаев туралы айтылып отыр. Ол жолдағы төбелес кезінде ауыр жарақат алған.
Ал алты сотталушы мен олардың адвокаттары адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу бойынша тағылған айыптарды алып тастап, осы баптар бойынша ақтауды сұрады.
Қорғаушы тараптың айтуынша, Василий Колесниковты нақты кім өлтіргенін дәлелдейтін айғақ жоқ. Олар тағылған айыптар нақты дәлелдерге емес, болжамдарға негізделген деп есептейді.