Саясат

Си Цзиньпин Солтүстік Кореяға екі күндік мемлекеттік сапармен барды

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 8 маусым күні екі күндік мемлекеттік сапармен Солтүстік Кореяға келді.

Си Цзиньпин мен Ким Чен ын

Пхеньян әуежайында Қытай басшысы мен оның жұбайы Пэн Лиюаньды Солтүстік Кореяның мемлекеттік істер жөніндегі төрағасы, Корея Еңбек партиясының бас хатшысы Ким Чен Ын және жұбайы Ли Соль Чжу қарсы алды.

Сапар қарсаңында Си Цзиньпин Солтүстік Кореяның Rodong Sinmun газетінде жарияланған мақаласында Ким Чен Ынмен кездесуді асыға күтіп отырғанын жазды.

– Екі ел арасындағы дәстүрлі достықты талқылап, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасуды қалаймын, – деді Қытай көшбасшысы.

Бұл – Си Цзиньпиннің 2019 жылдан бергі Солтүстік Кореяға алғашқы сапары және 2026 жылғы алғашқы шетелдік іссапары.

Қытай тарапының мәліметінше, сапар Ким Чен Ынның шақыруымен ұйымдастырылған.

Сарапшылардың айтуынша, Қытай Солтүстік Кореяның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Бейжің халықаралық оқшаулануға ұшыраған Пхеньянды саяси, экономикалық және дипломатиялық тұрғыдан қолдап келеді.

Солтүстік Кореяға оның ядролық бағдарламасына байланысты халықаралық санкциялар салынған.

Сонымен қатар, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталған 2022 жылдан бері Пхеньянның Ресеймен байланысы да айтарлықтай нығайған. Солтүстік Корея Мәскеуді, әсіресе әскери салада белсенді қолдап келеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз