Сидің сырқаты: шыны қайсы, қауесеті қайсы?
Кейінгі күндері Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің денсаулығына қатысты алыпқашпа әңгіме әлемдік БАҚ-тың негізгі тақырыбы болып тұр.
Үндістандағы БРИКС саммитінде Си Цзиньпиннің кешкі асқа қатыспай қалғаны, кейін оның инсульт алғаны және тіпті уланғаны туралы ақпараттың тарауы түрлі болжамға жол ашты. Қытай тарапы бұл әңгімелерге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бірақ өршіп тұрған қауесетке қарамастан Бейжің Сидің АҚШ-қа мемлекеттік сапармен баратынын растады.
Оқиға 12-13 қыркүйекте Нью-Делиде өткен БРИКС саммитінен кейін басталды. Си Цзиньпин Үндістанға 7 жылдан кейін алғаш рет барды. Саммиттің алғашқы күні Қытай басшысы іс-шараларға қатысып, Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен екіжақты келіссөз өткізді. Бірақ сол күні кеште күтпеген жағдай болды. Нарендра Моди БРИКС елдерінің басшылары мен делегация мүшелеріне арнап гала-кешкі ас ұйымдастырған. Дәл осы кешке Си Цзиньпин қатысқан жоқ.
Үндістанның PTI агенттігіне сілтеме жасаған жергілікті БАҚ Сидің кешкі асқа бармай, қонақүйге демалуға кеткенін хабарлады. Оның нақты себебі бастапқыда белгісіз болды. Қытай сыртқы істер министрі Ван И кешкі асқа Қытай делегациясының атынан қатысты.
Кейін әлемдік БАҚ-та Сидің кешкі асқа өзін жайсыз сезінгендіктен бармағаны туралы ақпарат тарады. The Wall Street Journal өз дереккөзіне сүйеніп, Си өзін жайсыз сезінгенін хабарлады, бірақ басылым оның ауыр сырқатқа шалдыққанын дәлелдейтін ақпарат жоқ екенін атап өтті.
Бірақ Қытай басшысының денсаулығына қатысты ақпараттың барынша жасырын болып, жұртқа жетпей жатқаны оқиғаны шиеленістіріп жіберді. Көп ұзамай әлеуметтік желілерде сенсацияға толы ақпараттар тарай бастады.
Қытай демократиялық партиясының төрағасы саналатын диссидент Се Ваньцзюнь әлеуметтік желіде Си Цзиньпин БРИКС саммиті кезінде есінен танып қалғанын, кейін инсульт алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай басшысы Үндістанда медициналық көмек алудан бас тартып, елге ерте қайтқан. Кейін оны Бейжіңдегі әскери госпитальға жеткізген.
Кей дереккөз тіпті Си әскери тікұшақпен Қытайдың 301-госпиталіне жеткізілгенін және дәрігерлер оның «ауыр ишемиялық инсульт» алғанын анықтағанын хабарлады.
Бірақ бұл ақпараттар тәуелсіз түрде расталмағанын айта кеткен жөн. Қытай билігі Сидің инсульт алғанын хабарлаған жоқ. Үндістан билігі де мұндай диагнозды растамады. Аурухана тарапынан да ақпарат болмады. Се Ваньцзюнь өз мәлімдемесін дәлелдейтін медициналық құжат немесе басқа да тексерілген дерек ұсынбады. Сондықтан қазірше «Си инсульт алды» деген ақпаратты растайтын дерек жоқ.
Айтпақшы, саммит кезінде болған бір оқиға қауесетті одан әрі күшейтті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Моди сөз сөйлеп тұрып, Сиге қарап, бірнеше секундқа кідіріп, «Is it okay?» деп сұрағанын байқауға болады. Көпшілік сол сәтте Сидің жағдайы нашарлаған деп түсінді. Бірақ кейін басқа ракурстан түсірілген видеода Сидің аудармаға арналған құлаққапты шұқылап, әуреленіп отырғаны көрінеді. Демек, Модидің сұрағы Сидің денсаулығына емес, аударма құрылғысына қатысты болуы мүмкін. Сондықтан бұл видеоны да инсульттің дәлелі ретінде пайдалануға келмейді.
Көпшіліктің күдігін күшейткен тағы бір жағдай бар. БРИКС саммитіне қатысқан Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса да денсаулығына байланысты бірқатар іс-шараға қатысқан жоқ. Рамафоса 14 қыркүйекте Оңтүстік Африкаға оралған. 16 қыркүйекте оның кеңсесі президент дәрігерлердің кеңесімен демалып жатқанын хабарлады. Бірақ президент нақты қандай ауруға шалдыққанын айтқан жоқ.
Әлеуметтік желі қолданушылары осы екі оқиғаны өзара байланыстырып, түрлі болжам жасап жатыр. «Си Цзиньпин кешкі асқа қатыспады, Рамафоса саммиттен кейін ауырып қалды, демек, оларды бір нәрсе улаған болуы мүмкін» деген қауесет тарады.
Бірақ БАҚ-та Си Цзиньпиннің немесе Сирил Рамафосаның уланғанын дәлелдейтін медициналық немесе токсикологиялық мәлімет жарияланған жоқ. Қандай да бір улы заттан немесе тамақтан улану туралы ресми диагнозды көрмедік. Керісінше, Үндістан Сыртқы істер министрлігінің фактчекинг тобы «БРИКС саммитіне қатысқан бірнеше басшы ауырып қалды» деген ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасады. Сондықтан «Си уланды» деген ақпаратты растайтын дерек жоқ, ол әлеуметтік желіде тараған болжам ғана.
Осыдан кейін БАҚ-та «денсаулық жағдайына байланысты Сидің АҚШ-қа мемлекеттік сапары болмайды» деген ақпарат тарады. Егер Сидің инсульт алғаны немесе уланғаны рас болса, Дональд Трамппен кездесуге бара алмайтыны анық еді.
Бірақ 21 қыркүйекте Бейжің бұл болжамды жоққа шығарды. Қытай Сыртқы істер министрлігі «Си Цзиньпин 23-25 қыркүйекте АҚШ-қа мемлекеттік сапармен баратынын» ресми жариялады. Ол Трамптың шақыруымен Вашингтонға барып, екіжақты қатынастар мен әлемдік саясаттың негізгі мәселелерін талқыламақ.
Әрине, мемлекеттік сапар ресми жарияланғанына қарап, «Сидің денсаулығы мінсіз екен» деп қорытынды жасауға келмейді. Бірақ ол АҚШ-қа расымен барса, «БРИКС саммиті кезінде ауыр инсульт алды, уланды, жағдайы өте күрделі» деген ақпараттар жай қауесет болып шығуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, Си Цзиньпин 12 қыркүйекте өзін жайсыз сезініп, БРИКС басшыларымен бірге кешкі асқа қатыспағаны рас. Бірақ оның инсульт алғаны немесе уланғаны дәлелденбеген ақпарат.
Еламан Өмірхан