Сирияның жаңа үкіметі Ресейді Хмеймим авиабазасынан шығармақ
Сирия президенті Ахмед аш-Шараа әкімшілігі Хмеймим авиабазасын Ресейден қайтарып алып, оны өз әскерилері үшін оқу орталығына айналдыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы «Коммерсант» басылымының Дамаскідегі дереккөзі хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, авиабазаны «бірлесіп басқару» нұсқасы да қарастырылуда. Мұндай жағдайда нысан «тек әскери емес мақсаттарға» пайдаланылуы мүмкін.
Әскерді қайта даярлау жоспары
Қазіргі Сирия армиясы негізінен бұрынғы көтерілісшілерден құралғандықтан, олардың толық әскери даярлығы жоқ. Осыған байланысты Латакия жағалауындағы Хмеймим базасы оларды дайындауға қолайлы орын ретінде қарастырылып отыр.
Сонымен қатар Сирия ресейлік әскери нұсқаушыларды тартуды да жоспарлап отыр. Бұл туралы Ливанның Al-Modon басылымы Сирия Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. Себебі ел армиясы негізінен кеңестік және ресейлік техникамен қаруланған.
Алайда бұл көмек, болжам бойынша, құрлық әскерлерін даярлаумен шектелуі мүмкін. Ұшқыштарды оқыту мәселесі қарастырылмай отыр.
Ресейдің әскери ықпалы әлсіреген
Башар Асад режимі құлағаннан кейін Ресей Сириядағы базаларынан бірқатар қару-жарақты шығаруға мәжбүр болды. Атап айтқанда, С-300 және С-400 әуе қорғаныс жүйелері, сондай-ақ «Бастион» зымыран кешендері әкетілген.
Ресей халықаралық істер кеңесінің сарапшысы Антон Мардасовтың айтуынша, қазіргі жағдайда бұл нысандарды стратегиялық авиацияны уақытша орналастыру үшін пайдалану да қиын.
Дегенмен әзірге Сирия Ресей әскери күштеріне Хмеймимді Африкаға жүк тасымалдау үшін аэродром ретінде қолдануға рұқсат беріп отыр. Алайда бұл жағдай өзгеруі мүмкін.
Еске салсақ, қаңтар айында Дамаск Ресейден Қамышлы базасынан әскерін шығаруын талап еткен еді. Бұл база 2019 жылдан бері Сирияның солтүстік-шығысын бақылауға арналған негізгі тірек пункт әрі логистикалық орталық қызметін атқарып келген.