СІМ Сербияда қаза тапқан қазақстандық қыздың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза тапқанын ресми түрде растады.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғаның мән-жайы әзірге анықталып жатыр. Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп, марқұмның туыстарына консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.
Марқұмның әкесі әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, қызының Белград қаласында көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, бойжеткен алтыншы қабаттан құлаған болуы мүмкін.
Әкесі оқиғаға екі қыз бен бір ер адамның қатысы болуы ықтимал деген күдігін білдіріп, қызын еркінен тыс ұстаған болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ ол оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды хабарласуға шақырды.
Қазіргі уақытта бұл мәлімдемелер ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын Сербияның құзырлы органдары анықтап жатыр.