Смайыловтың 8 мың үйі кімге жетеді?
Биылғы жылғы баспана нарығындағы басты жаңалық – «9-20-25» ипотекалық бағдарламасы болмақ. Бұл бағдарлама таза үкіметтік болады. Оны орындауға Ұлттық банк қатыса алмайды, басқа қорлардан қаражат тартылмайды. Бағдарламаны іске қосу үшін жыл сайын 100 млрд теңгені республикалық бюджеттен, қалған 50 млрд теңгені «Отбасы банк» таза табысынан бөліп отыруы керек. Осылайша, жылына 150 млрд теңге бөлініп, соның нәтижесінде 8 мың адам ипотекалық несие рәсімдей алады.
Үкімет «9-20-25» бағдарламасы бірінші кезекте жас отбасыларды қамтиды деп біраз елдің құлағын көтеріп қойды. Жылына 8 мың ипотекалық несие беру өте аз дейтіндер бар, өйткені бізде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны шамадан тыс көп. Қазір республика бойынша баспана алуға кезекке тұрғандар 600 мыңнан асып жығылған. Бұл кезектің сыртында 3 миллионға жуық үйсіз қазақстандық бар. Кейбір деректер Қазақстанда баспанаға мұқтаж жандардың жалпы көрсеткішін 14 пайыз деп те көрсетеді. Елдегі банктер осы мұқтаждықты өтеу үшін жылына 100 мың ипотекалық несие берсе де сұранысты өтей алмай жатыр. Үкіметтің баспана нарығындағы бұл мәселені біле тұра, жыл сайын 8 мың адамға ғана несие беретін бағдарламаны ойлап шығаруы еріксіз езу тартқызады.
Расында да, макроэкономикалық тұрғыда айтсақ, соңғы үш жылда елде баспанаға мұқтаж адам саны жыл сайын 300 мыңға көбейген. Ал жылына беріліп отырған ипотекалық несие көлемі 100 мың. Таяу бес жылда баспана нарығындағы сұранысты қамту үшін жылына кемі 200 мың ипотекалық несие рәсімделуі керек. Ал жаңа бағдарлама аясында берілетін 8 мың несие жылдық қажетті мөлшердің 4-ақ пайызын өтейді екен.
«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, сарапшы Жанар Күнтуғанқызының сөзіне сүйенсек, бұған дейінгі арзан баспанамен қамтиды деген үкіметтің бірқатар бағдарламалары нәтижелі болмады. Алысқа бармай-ақ өзінің басындағы жағдайды мысал еткен маман «7-20-25» бағдарламасының пайызының өзі жастарға, мұқтаж адамдарға аса қымбат екенін алға тартты. Аталмыш бағдарлама арқылы үш жыл бұрын Алматыдан ең арзан деген ауданнан бір бөлмелі пәтерді 15 млн теңгеге 7 жылға рәсімдеген сарапшы қазір «Отбасы банкке» ай сайын 91 мың теңге төлем жасайды екен. Қазір бір бөлмелі пәтердің ең арзаны – Алматыда 20 млн теңге. Пәтерді жеті жылға 9 пайызбен ипотекаға алатын болсаң, айына 165 мың теңге төлеуің керек.
«Бізде мемлекеттік бағдарламалардың өзінің несие пайызы жоғары. Арзан деген «Отбасы банкінің» аралық қарыз (50/50) деген өнімінің өзі қымбат. Ол несиеге қарапайым халықтың қолы тіптен жетпейді, себебі оған үй ақысының жартысын жинау керек. Бұдан бөлек, әлеуметтік санаттарға арнап шығарылған баспана бағдарламалары аз, мүлде жеткіліксіз. «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары қолданысқа енгізілді. Бірақ бұл бағдарламалар жыл сайын мың-екі мың адамды ғана баспанамен қамтиды. «7-20-25», «Нұрлы жер» болды. Халықтың қолы жетпейтін «Қолжетімді баспана 2020» бағдарламасының да соңынан жүгірдік. Осының барлығы мәселені шеше алмады. Бізге халықты баспанамен қамту мәселесін шешуде бағдарламалар көмекке келе алмайды. Басқаша тетіктерді қарастыру керек», – дейді сарапшы.
Ал ол қандай тетіктер болуы керек? Деректерге жүгінсек, елімізде баспана нарығында жылына 2 трлн теңге несие беріледі екен. Ал «Отбасы банкінің» депозит портфелі қазір 2,2 трлн теңге. Жанар Күнтуғанқызы «жылына 200 мың несие беріп, сұранысты қамтуды ойласа үкімет «Отбасы банкке» субсидия беруі керек, артынан банк оны түскен табысынан қайтарып отыруы қажет» деп есептейді.
Ал экономист-ғалым Мақсат Халықтың ойынша, тұрғын үй саласындағы мәселе бір ғана субсидия берумен шектелмейді.
«Бұл арада үлкен реформа керек. Қазір баспана нарығында жүрген құрылыс компаниялары көп мәселелерді айтады. Мысалы, оларға қарапайым ғана бір жерді алып, сол жерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат алу үшін қаншама кедергілерден өту керек. Құжатбастылық, бюрократия, тамыр-таныс іздеу, «шапкасын беру» дейсіз бе, бұл салада былық көп. Тұрғын үйдің іргетасын қалағаннан бастап, қолданысқа бергенге дейін оның барлығы ақшасыз, қосымша шығындарсыз өтпейді. Мұндай кедергілерден кейін ақыр соңында үйлердің қолданысқа беру мерзімі де кешігеді. Басталмай жатып тоқтап қалған тұрғын үй құрылыстары да баршылық. Жұмыс созылғаннан кейін жұмысшыларға жалақы беру мерзімі де ұзарады. Құрылыс компанияларына бұл да қосымша шығын. Құрылыс материалдары да әр тоқсан сайын қымбаттай береді. Бұл шығындардың барлығын соңында құрылыс компаниялары үйдің шаршы метрін қымбаттату арқылы шығарып алғысы келеді. Осыдан кейін қарапайым халыққа үй қымбатқа сатылады. Міне, үкімет алдымен осы мәселені реттеу керек. Тұрғын үй нарығына жаңадан құрылыс компанияларының көптеп енуіне ықпал етіп, оларға қолайлы жағдай жасауы керек», – дейді экономист Мақсат Халық.
2025 жылға қарай елдегі баспанаға мұқтаждардың саны екі есеге өседі деген болжам бар. Бұл – үй салуға инвестор тарту мәселесі өзекті бола түседі деген сөз. Жалпы, үкімет бұған дейін баспана нарығындағы құрылыс компанияларына жағдай жасамады емес, жасады. Мысалы, құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алып келді. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізді. Салыққа жеңілдік берілді. Үкімет бұл нарықта «Базис», BI Group құрылыс компанияларына жағдай жасағаны өз алдына, елімізге баспана салуға келген шетелдік инвесторларды да әлпештеп бақты. Әсіресе Кәрім Мәсімов премьер болған тұста баспана құрылысын салғандар отандық нарықта барынша еркін жүзді. Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың да бірінен кейін бірі қолданысқа ене бастаған тұсы да сол кезең болды. Бақытжан Сағынтаев үкімет басқарғанда да елімізде «Алма Сити», Shymkent Сity деп аталатын небір «ақылды» тұрғын үйлер бой көтерді. «Әр қазақстандыққа баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береміз» деген ұранды әсіресе Мамин үкіметі қатты ұстанды. 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жиі айтатын Мамин үкіметінің жоспарына ел де сеніп қалған.
Шетелде жұмыс істейтін Роллан Жылқыжиаров 2018 жылы 15 жылға Алматы қаласынан «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үй алған. Алғашқы жылы оған ипотеканы төлеу қиынға соқпаған. Ал 2020 жылдан бастап борышты төлеу мерзімін қайта-қайта өткізіп алып, қинала бастаған. Тапқан табысын үнемі үнемдеумен болған.
«Елде мемлекеттік қызметте істедім. Алатын жалақым ипотекадан артылмай жатқан соң қосымша жұмыстар істедім. Бәрібір артылмады. Әйелім баламен үйде отырған. Екі жыл қатарынан үнемдедік. Бәрібір қаражат артылмады. Отбасын қамтамасыз ете алмадым. Қарызға белшеден баттым. 2021 жылы Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеттім. Қазір микротолқынды пеш құрастыратын зауытта жұмыс істеймін. Жұмыс жеңіл емес, ауыр. Айына біздің теңгемен 2 млн теңгедей жалақы табуға болады. Менімен бірге 6 қазақстандық жұмыс істейді. Жұмыстың соңынан қалып та жұмыс істейміз. Өйткені оған да қосымша ақы төленеді. Енді бір жыл шыдап жұмыс істесем, елдегі ипотекадан толықтай құтыламын. Бұдан кейін мұндай үлкен сомада банкке борыштар болғым келмейді. Себебі біздің елде банктің пайызы көп. Мемлекеттік бағдарлама дегеннің өзінде 15-20 жылға тәуекелге бару өте қиын», – дейді ол.
Кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяда өндірісте істейтін жұмысшыларға көптеген жеңілдіктер бар дейді. Ол жақта әсіресе өңдеу өнеркәсібінде жүргендерге арналған жеңілдетілген ипотека бар екен.
«Біздегі әскери қызметте жүргендерге «Әскери баспана» бағдарламасы бар ғой. Сол тәрізді Оңтүстік Кореяда өнеркәсіп саласындағы жұмысшыларға арналған 1-2 пайызбен ипотека беретін арнайы бағдарлама бар. Олар осындай бағдарламалар арқылы өнеркәсіпке білікті мамандарды тартуға болатынын біледі. Мұндай бағдарламалар жұмысшыларды ынталандырады. Біздің үкімет неге зауытта, фабрикаларда істейтін мамандарға қатысты өңдеу өнеркәсібіне қатысты арнайы бағдарламалар ойластырмайды? Ол үйлер тіпті сол өнеркәсіп маңайынан салынса қандай жақсы. Жұмысына да жақын, үйі де бар адамның көңілі тоқ болады ғой. Ал біз бұйырған жерден аламыз, біздің алған үйіміз жұмысыма екі сағаттық жер болатын. Жолдың қашықтығы мен жалақының жетпеуі адамды қажытады. Сондықтан көп жалақы табу үшін шетелге кеттім», – дейді Р. Жылқыжиаров.
Қарлығаш Зарыққанқызы