Әлеумет

Соғысқа қарсы шыққан бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды

Соғысқа қарсы шыққан бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды.

Иаков Воронцов

Украинадағы соғысқа қарсы пікір білдіріп, бөлек православ шіркеуін құруды қолдаған бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов психиатриялық ауруханадан қайтадан тергеу изоляторына жеткізілді. Бұл туралы Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросы хабарлады.

Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Воронцов тергеушінің қаулысымен мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Алайда дәрігерлер оның бойынан психикалық ауытқу белгілерін анықтамаған. Осыған байланысты олар дені сау адамға ем жүргізудің негізі жоқ екенін айтып, емдеуден бас тартқан.

Сонымен қатар бюро өкілдері Воронцовқа 8 маусым күні психиатриялық ауруханада барған Алматы облысы бойынша Ұлттық превентивтік механизм тобының жетекшісі әрі Адам құқықтары бюросының заңгері Максим Кудрявцевтің кейін қызметінен шеттетілгенін де мәлімдеді.

Воронцов қалай ұсталды?

Иаков Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған болатын.

Кейін Алматының әкімшілік соты оны есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс қолданды деп танып, 10 тәулікке қамаған.

23 ақпанда әкімшілік қамау мерзімі аяқталған соң ол тергеушіге жеткізілді.

Адвокаттың айтуынша, оған Қылмыстық кодекстің:

  • 302-бабы («Есірткі притонын ұстау»);

  • 296-бабы («Өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау»)

бойынша айып тағылған.

25 ақпанда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Тергеуші оны психиатриялық мекемеге жіберуді сұраған

2026 жылғы 13 мамырда тергеуші Атахан Воронцовты қамаудан босатып, психиатриялық көмек көрсететін мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру туралы сотқа өтініш берген.

Сот қаулысында бұл қауіпсіздік шарасы сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін сақталатыны, ал қажет болған жағдайда мерзімі тергеу судьясының шешімімен бір айға ұзартылуы мүмкін екені көрсетілген.

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, тергеу психиатриялық сараптама жүргізу мәселесін сәуір айында көтерген, алайда қорғау тарапы бұған келіспеген.

– Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Кез келген сараптамаға нақты негіз болуы тиіс. Иаков Воронцовтың психикалық ауытқуы бар екенін көрсететін ешқандай белгі болған жоқ. Бұл бізді қатты алаңдатып отыр. Біз қорғауымыздағы адамның тағдырына алаңдаймыз, – деген ол «Азаттыққа» берген сұхбатында.

Құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдірді

21 мамырда Алматының тергеу соты Иаков Воронцовты психиатриялық стационарға жіберу туралы шешім шығарғаны белгілі болды.

Ал 22 мамырда адвокаттардың апелляциялық шағымы қаралмай тұрып-ақ Воронцов психиатриялық мекемеге ауыстырылған.

Құқық қорғаушылар бұл жағдайда Қылмыстық-процестік кодекс талаптары мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелері бұзылған деп есептейді.

Олардың пікірінше, Воронцовты психиатриялық стационарға орналастыру туралы шешім қорғау тарапының толық қатысуынсыз және процессуалдық кепілдіктер сақталмай қабылданған.

Иаков Воронцов бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық сынағаны және Қазақстанда Мәскеу патриархатына тәуелсіз православ шіркеуін құру идеясын қолдағаны үшін діни қызметкер мәртебесінен айырылған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз