Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:02, 08 Мамыр 2024

Соғыста жеңімпаз болмайды

1
Фото: pikabu.ru

Нобель сыйлығының иегері, Беларусь жазушысы Светлана Алексеевич бір сұхбатында: «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабымның көптеген қаһармандары, жеңіс – айтуға және еске алуға тұрарлық дүние емес дейтін.

 Айтуға және еске алуға тұрарлығы – қалай адам болу керектігі мен қалай адам өлтірмеу керектігін білген тәжірибе ғана. Адамдарға осыншама көз жасы, осыншама қайғы-қасіреттерден кейін соғыс ендігәрі ешқашан болмайтындай көрінеді» дейді. 

Жазушы айтқандай, соғыста жеңімпаз болған емес, адам баласы қолына қару алып, майданға аттануының өзі – ақыл мен сезімнің, ар мен адамгершіліктің жеңіліс табуы. Тарих беттері адам баласы жалаң қолмен от көсеп, оққа ұшырайтын сұм соғыстың әлемге тек нәубет пен апат алып келетінін әлдеқашан дәлелдеп өтсе де, бүгінгі жаһанданған дәуірдің өзінде мемлекеттер арасындағы соғыс пен қақтығыстар тоқтаған емес.

Негізі кез келген дамыған ел үшін ең басты капитал – адам өмірі. Сәйкесінше, «мемлекет пен бүкіл игілік – адам үшін» идеологиясымен өмір сүретін қоғам бақытты. Алайда біздің қоғам «адам – мемлекет үшін, сен еліңе не бердің» дейтін кеңестік идеологияның сарқыншағынан арыла алмай келе жатқан сияқты. Көзін тырнап ашқаннан осы таным-түсінікпен өмір сүрген ұрпақ «соғыс» деген сұрқылтайдың зардабын әлі күнге тартып келе жатыр. Соғыс дегеніміздің өзі де – адамзат баласының болашаққа деген асқақ арманын күл-талқан қылып бұзатын өктем де өткір алапат. Сезіміңді таптап, болашағыңа балта шабатын сұрқай соғыстың салдары ешкімді айналып өте қоймасы анық. Бұған осы күнге дейін адамзат баласының жүріп өткен жолы, көрген қасіреті айқын дәлел.

Соғыс тақырыбында адам трагедиясы екі тарапқа да ортақ, десек те, бүгінгі ақыл мен ойдың заманында не үшін мемлекет арасындағы қақтығыстар әлі күнге жалғасын тауып келе жатыр? Әдетте біз «тарих кейінгі ұрпақ сабақ алу үшін керек» деп айтамыз, сөйтеміз де тарихтан бергі сансоқта соғыстардан ой қорытып, сабақ алмаймыз. Мұның себебі неде? Осы сұрақтар төңірегінде «Жас Алаш» әлеуметтанушы Серік Бейсембаев пен тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтан пікір алдық. Сонымен қатар ұлттық әдебиеттегі соғыс тақырыбының сипаты қандай? Осы мәселе турасында әдебиеттанушы Еркінгүл Солтанаевадан сұрап көрдік.

Серік Бейсембаев
Серік Бейсембаев

Серік БЕЙСЕМБАЕВ: Кеңес өкіметі имиджін соғыстағы жеңісі арқылы қалыптастырды

Соғыс – шешілмей, шиеленісіп жатқан жанжалдардың нүктесі, ақырғы шешімі. Адам ақылы жетпеген кей мәселелерді кейде күшпен шешуге мәжбүр болады. Әдетте, мемлекеттер саяси бірізділікке жете алмай, екі тарап компромиске келуден бас тартқан уақытта соғыс басталады. Жиырмасыншы ғасырдағы екі үлкен соғыс біздің елді айналып өтпеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың та, Екінші дүниежүзілік соғыстың та ұлттық тарихымызда атаулы орны бар. Кез келген соғыс халық санасына жазылмастай боп із қалдырады. Барлық адамның Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, майдан шебінде болған атасы, ағасы, туысы бар екені шүбәсіз. Соғыстың халық басына түскен апат пен нәубет екенін солардың тағдыры ұғындырып берген сыңайлы, тіпті байқасаңыз, әлі күнге қарттар «Тыныштық болсын», «Соғыс болмасын» деп күбірлеп отырады. Екінші дүниежүзілік соғысқа деректер бойынша біздің елден 2 миллионнан астам адам кетіп, 400 мыңға жетер-жетпес адам ғана қайта оралды. 2 миллион адам сол кездегі халықтың 3/1 бөлігі. Бұл бір немесе екі отбасының ғана емес, тұтас ұлттың басына түскен трагедия еді. Соғыста оққа ұшып қаза тапқан жандар, дүниеге келмеген балалар, тылда жұмыс істеген шаруалар және еліне қайтып келген күннің өзінде НКВД сатқынға санап, қайта қудалаған талай адамның тағдыры тәлкек болып, қоғамдық дертке айналды. Соғыста қай тарап та ойсырай жеңіледі. Бұл жағдайдың бәрі бүгінгі қоғамдық санада әлі күнге «жабулы қазан» күйінде қалып жатыр. Кез келген өнер мен әдебиет, мәдениет өзінің негізгі тақырыптарына жалған жасампаздықты, халық бірлігі мен қуатты мемлекетті емес, адамның жаны, адамның өмірі мен бостандығы, оның бақытты болашағы мен үйлесімді өмірін шығаруға тиіс. Бұл жалпы қоғамды басқыншылық көңіл күй мен менменшіл, өзімшіл мінезінен алыстатуға қызмет етеді. Кеңес өкіметі тұсында өнерде, атап айтқанда, фильмдер мен кітаптарда соғысты романтизациялап, жалған пафоспен жазу тенденцияға айналып кетті. Кеңес өкіметі Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен мемлекет ретінде өзінің имиджін осы соғыс арқылы жасап шықты. Себебі Кеңес өкіметі милитаризацияланған мемлекет, негізгі басымдықты соғысқа, әскери күшке қояды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жеңіп шығу Ресей халқының санасында «Біз – жауынгерміз» деген ұстанымды қалыптастарды және Кеңес өкіметі билігінің негізгі жауы ретінде АҚШ пен Қытайды қарастырып, мектептерде «Алғашқы әскери дайындық» пәнін оқытуының өзі – осының айқын дәлелі. Бұл милитаризацияланған сананың сарқыншағы әлі күнге жалғасын тауып келе жатыр. Қазіргі кезде Ресейдің айналасындағы елдерге соғыс ашуының түп-тамырын, негізгі себебін осыдан іздеу керек шығар, бәлкім.

Жамбыл Артықбаев
Жамбыл Артықбаев

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ: Қай елдің руханияты жоғары, сол ел соғысқа сирек араласады

Адамзат баласының тарихында апатты соғыстар, біз ойлағандай, өте көп емес. Тарихтың басым бөлігін бейбіт замандар құрайды. Тарихи оқулықтарды жазған уақытта саяси оқиғаларға басымдық беріп, адамзат үнемі соғыстан көз ашпаған сияқты күйде қалуымыз мүмкін. Шын мәнінде, бейбіт уақыт қашан да қақтығыстар мен соғыстан басымырақ. Десек те, сол апатты бірді-екілі соғыс адамзаттың әлеуеті мен руханиятына зауал әкелер, дамуын кешеуілдеткенін жоққа шығара алмасымыз анық. Тарихты зерттеу барысында да дәл осы соғыс жылдарына басымдық берілуінің себебі осы. Соғыста ешқашан жеңімпаз болмайды. Адамзаттың қасіретін арқалайтын, бақытсыздығын еселейтін соғыста қандай жеңімпаз болсын?!

Бүгінгі жаһанданған дәуірдің өзінде бір-біріне шабуыл жасап, оттың ортасында жүрген елдердің бар екені шынымен өкініш тудырады. Мысалы, екі славян халқы арасындағы соғыс тектен-текке басталмады. Оған бірнеше қырынан қарағанымыз жөн. Тарихшы есебінде қалай бағалар едіңіз десе, ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасыр басына дейін жалғасқан колониялық соғыстардың сарқыншағы дер едім. Еуропа, Африка, Азиядағы мемлекеттердің басым бөлігі экономикалық тұрақсыз, халық саны аз елдерге отарлау соғыстарын жүргізіп отырды. Ресей билігі бүгінгі күні эгоистік көзқарасқа салынып, бәрін ашса алақанында, жұмса жұдырығында бағынышты қып ұстағысы келеді. Ал этнограф есебінде бағалауды сұраса, Еуропа халықтары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін зауалды соғыстан бас тартып, экономикалық майданға бет бұра бастады. Экономикасы мықты мемлекетке өзгелер қарусыз-ақ бет бұрып, мойындайтынын сезінді. Ал Ресей халқының өркениетіндегі кешеуілдеп жатқаны осы соғысқа құмарлығынан-ақ айқын байқалады. Еуропа сексен жыл бұрын бас тартқан отаршылдық соғыстарын солтүстіктегі көршіміз әлі жүргізіп жатыр. Соғыс тақырыбында адам трагедиясы жеңілген де, жеңген де тарапқа ортақ. Бұл – соғыста жеңімпаз болмайтынының тағы бір дәлелі. Қазақ халқы да талай жыл Ресей өкіметінің отары болды. Шын мәнінде, біздің халық ешқашан өз бетімен ешкімге соғыс ашып, жаулап алу саясатын жүргізбеді. Тамыры тереңге жайылған тарихымызда тек ұлт-азаттық бағыттағы, мемлекет пен ұлттың болашағы үшін отаршылдыққа қарсы жүргізілген соғыстар ғана ұшырасады. Ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру мақсатында болған Кенесары, Арынғазы соғыстары осының айқын дәлелі. Бұдан арғы тарихымызда да, Қазақ хандығы құрылған кезеңде де жаулап алу соғыстары болды деген деректер кездесе бермейді. Тек шекаралық алқаптағы қақтығыстар немесе саяси шиеленіскен жағдайларда ғана көтерілістер болып отырды. Бұл қақтығыстардың да масштабы үлкен дей алмаспыз, себебі адам шығыны да аса көп емес еді. Тек Кеңес өкіметі кезінде өзімізді өзімізге қарсы қою үшін тарихи көтерілістер мен қақтығыстар – идеологиялық қарудың рөлін атқарды. Осы арқылы тарихты бұрмалап, Кеңес өкіметінің тарихшылары бізге қате түсінік қалыптастырды. Шын мәнінде, ешқандай халық өзімен шекаралас, түрі, тілі, діні, ділі ұқсас, құдандалы халықтармен апатты, зауалды соғыс жасамайды.

Адамзат қай заманда да соғыстың «сұм» екенін мойындап, қорытынды шығарады және үнемі бейбіт өмірге ұмтылады. Бейбіт өмірдің ең басты кепілі – адам өмірін ең басты құндылық санап, мемлекеттің адамды басты капитал деп есептеуі. Сонымен қатар қай елдің руханияты жоғары, сол ел соғысқа сирек араласады. Соғыстың «сұм» екенін адамзат баласы біртіндеп ұғып келе жатыр деп ойлаймын. Руханияты кешеуілдеп жатқан кей мемлекеттер әлі күнге отаршылдық соғыстар жүргізуді қалайды. Соғысты болдырмау үшін тарихты меңгеріп, руханияттың жағдайын жөндеген дұрыс. Атап өткенімдей, соғыста жеңімпаз болмайды немесе әділетті әлемде ешкім жеңілмейді. Қазір ешкімді білектің күшімен таңғалдырып, жеңе алмасың анық. Бүгінгінің қаруы – ақыл мен білім, сәйкесінше, негізгі майдан алаңы да ғылым мен өнердің айналасында өрбуі керек.

Еркінгүл Солтанаева
Еркінгүл Солтанаева

Еркінгүл СОЛТАНАЕВА: Соғыста жеңген тарап та – жеңіледі

ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған шығармалар аз емес. Танымал батыс жазушылары Э. Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» Э. М. Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ», «Салтанат қақпасы», «Үш дос», «Өмір ұшқыны», т.б. шығармаларында бірінші дүниежүзілік соғыстың сұмдықтары бейнеленіп, жалпы соғыс атаулыға лағынет ашық айтылады. Бұл кітаптарда соғыс – адам нәпсісін жалаңаштап, жиіркенішті қалыпқа түсіріп, адам жанын қатайтып, қатыгездендіріп, өзгенің азасы мен қазасына жаны ашымайтын немқұрайлылыққа ұрындыратыны бейнеленген.

Қазақ әдебиетінде Екінші дүниежүзілік соғыс, қоғам өмірінде болған қандай да бір оқиғаларға лезде жауап қататын әдебиеттің мобильді жанрларының бірі – поэзиядан да кең көрінді. Ж.Жабаев, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Тәжібаев секілді ақындардың сыншылар «отты жырлар» деп сипаттаған өлеңдерінен патриоттық пафос, ерлік пен өршіл рух айқын сезілді. Бұдан бір жағынан ауыз әдебиетіндегі батырлар жырынан бастау алған көркемдік дәстүр жалғасын, екінші жағынан сол кездегі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық сұранысын байқаймыз. Осы соғыстың куәгері болған, жауынгер ақын-жазушылардың әңгіме, очерктері де ерлікке – мадақ, батылдық пен батырлыққа – гимн іспетті болды. Б.Момышұлы, Т.Ахтанов, Ә.Нұршайықов, Ә.Нүрпейісов, С.Бақбергенов шығармаларында отансүйгіштіктің үлгісі жасалды.

Соғысқа – жалпы адамзатқа төнген зауал ретінде қарап, оның терең пәлсапалық астарына үңілу жоғарыда аталған қазақ жазушыларының романдарына да тән. Мәселен, Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» шығармалары терең психологизмге шендестіре құрылған. «Шырағың сөнбесін» романының бүкіл концепциясы өмірді жалғастыру мен өлім арасындағы арпалыс. Шығарма құрсағында нәрестесі бар Назира деген келіншектің назарымен беріледі. Ол шекарада қызмет ететін жолдасының жанында жүргенде кенет соғыс басталып кетіп, түрлі қиындықтарды басынан кешіреді. Назира – анасы жаққан шырақты сөндірмеді, өзі ұнатқан екі азаматтың есімін өлтірмей, ізін жалғады.

Шыбын жаны шырқырап, дүниеге бала әкелген кейіпкеріне автор: «Әрбір жан иесінің жарық дүниеге осынша ана ғазабымен келетінін адам деген ойлай ма екен?» Әй, көп адамдар-ақ ойлай бермейтін шығар, ойласа адам құнын осынша арзандатпас еді ғой» деген ой салып, соғысқа аналық, өмірлік бастауды қарсы қояды. Тәуелсіздік кезеңінде жазылған Ә.Таразидің «Жаза» романында Ауған соғысының зардаптары, соғыстың адамзат жүйкесіне салатын салмағы суреттелген. Автор, жалпы соғыста жеңістің болмайтынын, жеңді деген жақтың да рухани-адамгершілік тұрғыдан ойсырай жеңілетінін көрсетеді.

Ресей-Украина соғысы кезінде де зұлымдықтың небір түрлеріне әлем куә болды. Ресейдегі жағдаятпен келіспеген қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Орыс ақындары мысал жанрын ұтымды пайдаланып, ойын халыққа астарлап жеткізіп жүр. Соның бірі – танымал актер, ақын Д.Назаров. Бұл жайттар туралы қазақ қаламгерлері де үндемей отыра алмады. Мәселен, Д.Амантай Буча қаласындағы озбырлықтарды өз шығармаларына арқау етсе, М.Өтегенов сағаттың тықылынан шошып отырған «Украина балаларының сөзін» өлеңімен жеткізді. Әлеуметтік желіде осы соғыстың сұмдықтарын жырлап, азаматтық үн қосқан ақын-жазушыларымыз көп. Бүгінгі қоғамда барлығының тілегі – тек бейбітшілік.

Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: