Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 20 Қыркүйек 2024

Соқпақбаев ғасыры

Бердібек Соқпақбаев

Қай-қайсымыз да Бердібек есімімен ерте жолығып, Соқпақбаев шығармаларымен ерте танысыппыз.

Әдебиет дейтін қастерлі әлемге қатысы бары да, қатысы жоғы да осы жазушының дүниеде барын, болғанын, «Менің атым Қожасын» білетінін ойлағанда – қалай таңғалмайсыз. Көпке бұйырмайтын, санаулылардың ғана маңдайына жазылар – талайлы бақыт.

Сол бақытты Соқпақбаевтың туғанына жүз жыл толып отыр. Есімдері уақытпен өлшенетін, өлшенбейтін индивидтер болады. Меніңше, Бердібек екінші топтың қатарында. Олардың туғанына қанша жыл толғаны тірілерге ғана керек. Біздің той жасауымыз үшін, әйтеуір бір шаралар ұйымдастыруымыз үшін ғана қажет – дата. Әйтпесе Соқпақбаевтың туғанына жылдар толғаны өзіне, оқырмандарына, ендігі туар іздеушілеріне түк те қызық емес. Соқпақбаев әдебиетте баяғыдан бар сияқты. Мызғымайды. Кейінгілерге де тура осындай әсер береді. Бүгін тоқсанның төрінде отырған Әкім Тарази тоғызыншы сыныптан Бердібекті көруді армандағанын, марқұм Сайын Мұратбеков мектеп қабырғасынан Соқпақбаевты оқып өскенін жазғанда, қай заманда туған, қай уақытта жазған, ғұмыр кешкен жазушы деп ойлайсың. Уақыт пен кеңістік алмасса да, әр заманға ортақ болатын тұлғалардың қатарына әлдеқашан еніп кеткенін сезініп үлгересің.

«Менің атым Қожасыз», «Балалық шаққа саяхатсыз», «Өлгендер қайтып келмейдісіз» біздің әдебиетті елестетіп көріңізші. Сірескен соцреализм арасынан саңылау тауып, кіл үлгілі балалардың ішінен ерке Қожасы шығып, қазақ қоғамын жадыратқан жоқ па?! Одан өзге емес, өзіміз секем алып, басуға батылымыз жетпей жатқанда, ең бірінші Мәскеуден шыққаны алдымен қазақтығымызға сын болған еді.

«Балалық шаққа саяхат» жасай отырып, коллективтендіру кезінде теңестіреміз деп әлеуметтік теңсіздікке ұрынған, әйел құқығы деп адам құқығын аяққа таптаған, әлсізге қорған боламыз деп қайраттыны қор қылған қоғамның бет-бейнесін күлдіре айта отырып, жүзден аса кейіпкерінің өмірі арқылы суреттеп шықты. Қатаң цензурадан толық өтпесе де, едәуір бөлігі бірінші жақтан баяндайтын Бердібек қаламының шеберлігі арқылы қырағы көздерден тасада қалды. Оның өзі де, кейіпкерлері де өмір қиындықтарына күле қарайтын жандар. Тұтас мемлекеттің идеологиялық машинасы тапап өткен қоғамда бар ауыртпашылық елеусіз ғұмыр кешіп жатқан қарапайым адамдардың мойнына түсті. Ол қоғамның шынайы кейпін ешкім айтқысы келмеді. Бердібектен басқа...

Еркін арқылы жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген ұрпақтың қанша талпынса да, қоғам ырқынан асып шыға алмай, азамат болып санатқа ілінгенше көрген қиындықтарын жазды. Қарапайым бір жігіттің шын мәнінде басынан өткерген оқиғасын көркемдік арқылы баяндап, басқа емес, өмірді өмір қалпында жазуды ғана мақсат тұту Соқпақбаев қаламының ерекшелігі болатын. Балалар жазушысы болып танылып, бірақ жазған шығармалары үлкендерге де сіңіп, жалпы оқырманға, оның ішінде кәсіби әдебиетшілерге де ұнап, жоғары бағасын алып жатқанда, дәл сол сияқты танымал жазушы болды деп айта аламыз ба екен?

Танымал жазушылар болған шығар. Бірақ көбін балалар қауымы естіген жоқ. Ал Соқпақбаев өз замандастарының естелігін оқысаңыз, балалардың ішінде де, ересектер арасында да – аса танымал жазушы.

Қаламгер болуды мектеп жасында-ақ армандап, бірде-бір қабырға газеті өзінің қатысуынсыз шықпаған Бердібек Соқпақбаевтың көкірегіне жинаған көп қазынасы бәрімізге ортақ мұра болып, бүгінгі күнге жетті. Сонау бір жылдары «Қожаның құрдасы кімдер?» деген сауалға «бірге оқыған Тілеубай Дөненбаев» деп жауап беріпті. Сол Тілеубай атамыз қазір, сірә, өмірде жоқ. Ал Қожа әлі күнге балалардың құрдасы болып, өмір сүріп келеді. Кезінде біздің де құрдасымыз болған Қожа кітап ішінде қанша толқын ұрпақты қарсы алып, ересек өмірге шығарып салып жатыр. Қазақтың жас оқырмандарының бәрі – қара Қожаның қонақтары. Ол жазушының өзі айтқандай, есер емес, есті тентек. Қонақжай. Меймандос. Бала болмысын, тазалығын сол қалпы сақтап қалған Қожаға сондықтан бәріміз үйірміз. Оның әлемнің елуден астам тіліне аударылып, Еуропаны кеңінен шарлап кеткенінің бір себебі де – табиғилығы болатын. Өркениеттер қақтығысы мен заманалар илеуінде жоғалып бара жатқан табиғи аңғалдық, адалдық, кейде бұзық та бола салатын балаң көңіл өзіміз жасап алған қатаң қағидалардың сірескен формасына түсіп, жасанды бола бастады. Сықиып киінген, түзу барып, түзу қайтатын, сызылған шекараларды аттап өтпейтін тәртіппен тұтас өміріміздің өзі қолдан шыққан бұйымға айналыпты. Соқпақбаев жек көрсе, осы жасандылықты жек көрді. Ол жамандыққа шақырған жоқ. Еркіндікке үгіттеді. Шынайылықты сүйді. Сол үшін Бектас та, Еркін де ішіндегісін ірекпей, ештеңе қоспай айтатын.

Өзі де социализмнен шаршап, оның халықты алдау екенін ұққан сайын, жүйкесі жұқарды. Сенген жоқ. «Олай деме, үй сыртында кісі бар» деген сөзге де қараған жоқ. Айта алды. Айтты. Оның артықшылығы да – осы болатын.

Оның бір ғана аяулы дүниесі болды – жазу. Әдебиетті аяулы, қадірлі десек – қай кезден бастап қадірлі болады? Жазыларда ма, жазылғанда ма, жазылғаннан кейін бе?

Жазушы бір сұхбатында: «...басты кейіпкердің атын Қожа қоюымның да бір себебі бар: біздің мектепте Қожа атты бала болды. Оны да «Қара Қожа» дейтінбіз. Бірақ ол өте жуас, қой аузынан шөп алмас, момын бала бола-тұғын. Неге екенін, сол баланың атын басты әрі тентек кейіпкерге бергенді жөн көрдім», – дейді. Менің ойыма Абайдың Бейсенбайы түсті.

Әлқисса, Бейсенбай деген бір кемтар кісі болыпты. Қыр басына шығып, Абай шәкірттерімен дүкен құрғанда, бауырын сүйретіп, әңгіме тыңдауға келеді екен. Соны көрген Абай оған бір ескертіш болсын деп, шәкірттеріне Бейсенбайды жырға қосуға тапсырма береді. Содан бай, елге қайырымды, «Бейсенбай» дастанындағы жігіт сұлтанының образы пайда болыпты деседі.

Өмірдегі момын Қожаның есімі кейіпкер атына арқау болуымен сөз өнеріне өшпестей таңбаланыпты. Жазушы көңіліндегі момын балаға жасаған бір құрметі осы болса керек. Дүниеде жүрегіңе ұялаған аяулы бейнелерді жазуға асығу – әдебиет болар. Ал әдебиет осынысымен қадірлі, аяулы шығар.

Кім біледі... Ал Бердібек шығармалары өздеріне-өзі қожа болып, өз бастарын өздері сүйреп, тұсымыздан өтіп барады.

Бағашар Тұрсынбайұлы