Live

Сот Бақытжан Байжановтың не себепті мерзімінен бұрын босатылғанын түсіндірді

Ақмола облыстық соты Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын босатылу себептерін түсіндірді.

Бақытжан Байжанов

Степногорск қалалық сотында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №4 мекеме басшысының Байжановтың өтелмеген жаза мерзімін қысқарту туралы ұсынысы қаралды.

Әңгіме 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолдану туралы болып отыр.

Соттың мәліметінше, Бақытжан Байжанов 2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот отырысында сотталғанның өзі мен қорғаушылары мекеме ұсынысын қанағаттандыруды сұрады. Прокурор да өтінішті қолдады.

Сот түсіндіргендей, рақымшылық туралы заңның 2-бабының 4-тармағына сәйкес, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшін сотталған, тәртібі теріс деп бағаланбаған және жазасының өтелмеген бөлігі бір жылдан аспайтын адамдарға негізгі жазаның қалған мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Мекеме анықтамасына сәйкес, Байжановтың тәртібі теріс деп бағаланбаған. Оның өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күнді құраған.

Сот отырысында Байжанов рақымшылық актісін қолдануға қарсы емес екенін мәлімдеді.

Нәтижесінде сот мекеме ұсынысын қанағаттандырып, негізгі жазаның өтелмеген бөлігін толық көлемде қысқартты. Осылайша Бақытжан Байжанов бас бостандығынан айырылған орыннан босатылды.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, сот қаулысымен Байжановқа пробациялық бақылау және 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленді.

Еске салайық, 2025 жылғы тамызда сот Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заң негізінде Байжановтың жазасының өтелмеген бөлігін үштен біріне қысқартқан еді. Сол кезде қайта есептелген мерзім бойынша оның 2026 жылдың желтоқсанында бостандыққа шығуы күтілген болатын.

Бақытжан Байжанов – Қуандық Бишімбаевтың туған ағасы. Ол қылмысты жасыру (ҚР ҚК 432-бабы) бойынша кінәлі деп танылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз