Сотта әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатының видеосы жарияланды
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.
8 маусымдағы сот процесінде қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды. Куәгерлер өз жауаптарында Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін айтты.
Сонымен қатар, сот отырысында ауыр жол-көлік оқиғасы болған сәт бейнеленген видео көрсетілді.
Жол апаты 21 наурызға қарағантүні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші Пак әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.