Қоғам

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтің қайын жұртын қалай өлтіргенін айтқан видеосы көрсетілді

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қызылқоға ауданында болған қайғылы оқиғаға қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасуда.

Сұлтан Сәрсемәлиев

Сот отырысында тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Бір отбасының төрт мүшесінің өліміне байланысты айып тағылған Сұлтан Сәрсемәлиев видеода оқиғаның қалай өрбігенін баяндаған.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қараша айының басында Қызылқоға ауданы аумағындағы Жангелдин ауылында болған. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы бұған дейін жұбайының туыстарымен балалар тәрбиесі мен отбасылық мәселелерге байланысты жиі келіспеушілік болғанын айтқан.

Сот отырысында Сәрсемәлиев 2 қарашаға қараған түні жұбайы Ақбаян мен балаларын ауылға алып келгенін жеткізді. Кейінгі күні таңертең қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева балалардың ауылда қалуын талап етіп, жұбайының қалаға қайтуына қарсы болған. Бұл әңгімеге кейін қайын атасы Мақсот Қарабалин де араласқаны айтылды.

Айыпталушының айтуынша, сол сәтте оның ойында бірнеше ауыр шешімдер пайда болып, кейін қылмыс жасауға бел буған. Тергеу барысында көрсетілген бейнежазбада оның асүйден пышақ алып, сарайға кіргені және сол жерде қайын енесіне шабуыл жасағаны баяндалған.

Кейін ол сарайға кірген қайын атасына да шабуыл жасағанын мойындады. Қылмыстан соң үйге қайта кіріп, із жасыру әрекеттерін жасағаны, қан іздерін тазалағаны да сотта айтылды.

Сондай-ақ, айыпталушы мәйіттерді жасыру мақсатында оларды көмуге шешім қабылдап, түні бойы шұңқыр қазған. Кейін бұл орынды жасыру үшін әртүрлі заттармен бетін жауып қойған.

Іс материалдарында оның қылмыстан кейін марқұмдардың үйінен ақша, зергерлік бұйымдар мен құжаттарды алып кеткені де көрсетілген. Бұдан бөлек, ол жұбайы мен балаларын қалаға алып кеткені белгілі болды.

Сотта Сәрсемәлиев туыстар тарапынан болған сөздік қысым мен жанжалдардың психологиялық әсер еткенін алға тартты.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, қайтыс болғандардың денесінен көптеген пышақ жарақаттары анықталған, олардың бір бөлігі өлімге себеп болған.

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз