Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:35

Соттың тойына барғандарға сот жоқ па?

Тараз
Фото: Orda.kz

Күні кеше Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов 60 жасын Тараздың қақ ортасындағы сән-салтанаты жарасқан «Бақсарай» ресторанында тойлады.

 Құдай басына бақ, астына тақ берген Ахметжановтың тойына бара жатқанына арқаланды ма, соттың өзі құрметтеп шақырып отырған соң сот жоқ деп ойлады ма, әлде күнделікті үйреншікті әрекеттері ме, әйтеуір тойға кейбір шенділер қызметтік көліктерімен келіпті.

Белгілі болғандай олар – Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Берік Жамалбеков пен Жамбыл аудандық сотының төрағасы Айгүл Шымырова екен. Бұл ретте айта кетерлігі – бұл екеуі көзге, дұрысы жергілікті белсенділердің камерасына түсіп қалғандары дегеніміз дұрыс сияқты. Екеуі де бұл қызметтеріне 2023-ші жылдың қазан-желтоқсан айларында тағайындалған болатын. Жамалбеков Жамбылға Шымкентте аталған департаментте орынбасар болып жүрген жерінен өсіп келсе, Павлодар мен Тараз қаласында қызмет еткен Шымырова 2023-ші жылдың желтоқсанында Жамбыл аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған еді.

Сот төрағасының тойында көзге, дұрысы камераға түскендері осы екеуі болса, жолдағы камераларға түскендер 22 қызметтік көлік. Бұл 22 қызметтік көлік өткен жылы жұмыстан тыс уақытта, яғни, түн жарымында немесе демалыс күндері жол ережесін бұзып, бірі Алматыда, екіншісі ен даладағы камераларға түсіп, айыппұл арқалағандар.

Мәселен, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Еламан Інжаттың айтуынша, өткен жылы 8 айда 22 қызметтік автокөлік камераға түскен. Мысал үшін айтар болсақ:

Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 594AS08) өткен жылдың 4 сәуірінде түнгі сағат 00:44-те, яғни жұмыстан тыс уақытта Тараз-Қайнар тасжолының 476,55 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы анықталып, салынған әкімшілік айыппұлдың мөлшері 36 920 теңгені құраған.

Ал Меркі ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 087JO08) 21 сәуірде түнгі сағат 03:19-да (демалыс күні) Алматы-Бішкек тасжолының Қаскелең қаласына қарай бағытта жылдамдықты асырғаны үшін, Қордай ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 053JO08) 16-шы маусымда түнгі сағат 02:11-де (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін, Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 696AN08) 23 мамырда түнгі сағат 00:13-те (жұмыстан тыс уақытта) Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының Кенен ауылында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы анықталып, әр көлік жүргізушісіне 18 460 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Ал Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 118JO08) 2024 жылдың 25 наурызында таңғы сағат 06:19-да (мереке күні) Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының 191-шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін, Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметтік автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 113AP08) 2024 жылдың 11 наурызында таңғы сағат 05:05-те (жұмыстан тыс уақытта) Шымкент-Тараз тасжолының 534,62 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 920 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Жалпы қызметтік автокөліктерді қызметтік емес мақсаттарда пайдалану фактілері Жамбыл облысының Жамбыл ауданында – 4 факт, Меркі ауданында – 3 факт, облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты бөлімдерінде – 3 факт, Байзақ ауданында – 2 факт, Мойынқұм ауданында – 1 факт орын алған.

«Айта кететін бір жайт, бұл фактілер жол бойындағы бейнекамералар арқылы анықталған. Сондықтан бейнекамера арқылы дәл сол көлікте сол уақытта мекеме басшысы болды ма, жоқ па анықтау мүмкін емес», – дейді Еламан Інжат.

Алайда жамбылдық шенділерге тиесілі қызметтік автокөліктердің мұндай суыт жүрісіне қарап басшысыз шопырдың демалыс күндері немесе қызметтен тыс уақытта және тіптен алыс жақта қыдырып жүруі мүмкін бе деген ойға қаласыз.

Әрине, бұлар бейне-айғаққа түсіп қалған бірен-сараны, ал қараңғы қуыс көшелермен, камераларға түспейтін әккі жүргізушілері бар басшылар қаншама?

Материал дайындап отырғанда Хазреті Омардың халифа болып тұрған кезіндегі оқиға-мысалы ойымызға келді. Халифа бір күні түнде халқына, еліне байланысты іспен шұғылданып жатады. Сол кезде біреу жеке басының шаруасын айтып келеді. Омар шапшаң орнынан тұрып, сол жерде жанып тұрған майшамды сөндіріп, басқа май шам жағады. Бұдан ештеңе түсінбей қалған қонақ одан «Екеуі де май шам. Қараптан-қарап біреуін сөндіріп, екіншісін жаққаныңыз не?» деп таңырқап сұрайды. Халифа Омар сол кезде оған: «Сөндірген май шам мемлекеттікі. Сенімен жеке шаруа жайында әңгімелесу үшін мемлекеттің майын қолдануға хақым жоқ. Сондықтан оны сөндірдім де, өз ақшама алған май шамды жақтым», деп жауап беріпті.

Мемлекеттің мүлкін өз меншігіндей көріп, қызметтік көлікпен ойға да, тойға да жүйткіп жүрген жамбылдық шенділерге Омар халифаның оқиға-мысалы үлгі бола қояр ма екен?! Әй, қайдам, себебі қызметтік автокөлікті не себепті жұмыс уақытынан тыс кезде мініп жүргендерін сұрап, аты аталған шенділердің біразына хабарласып көрдік, ешбірі жауап берген жоқ.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,

Жамбыл облысы