Live

Студент қыздың қазасынан кейін ІІМ-ге талап қойылған петиция жарияланды

Қазақстандықтар алаяқтардың құрбаны болған студент Айсәуле Қанаханың өлімінен кейін Ішкі істер министрлігіне бірқатар талап қойған петиция жариялады.

Айсәуле

Петиция авторлары телефон және интернет-алаяқтықты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп ретінде мойындап, оған қарсы тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық «КиберҚалқан» тобын құруды талап етті.

Сондай-ақ Кибералаяқтықпен күрес жөніндегі бірыңғай ұлттық орталық ашып, азаматтардың өтініштерін «бір терезе» қағидатымен қабылдау, алаяқтардың есепшоттарын жедел бұғаттау жүйесін енгізу ұсынылды.

Петицияда заңнаманы биылғы жылдың соңына дейін реформалау қажеттігі де айтылған. Авторлар ақпараттық технологиялар арқылы жасалған психологиялық қысым салдарынан адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегендерге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, 300 мың теңгеден жоғары онлайн несиелерге 72 сағаттық «мұздату кезеңін» енгізу, онлайн несие беруді шектеу, банктерде бірыңғай бейневерификация жүйесін іске қосу, дропперлерге есепшот ашуға жол берген қаржы ұйымдары қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту талап етілген.

Петиция авторлары eGov Mobile қосымшасында азаматтардың жеке деректеріне мемлекеттік қызметкерлердің әрбір қол жеткізуі туралы автоматты хабарлама енгізуді, банкоматтан картасыз ақша алу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді, ұялы байланыс операторлары беретін SIM-карталар санына шектеу қоюды және мектептерде 5-сыныптан бастап киберқауіпсіздік сабақтарын өткізуді де ұсынып отыр.

Еске салсақ, Астанада 21 жасқа толған күні жерленген Айсәуле  Қанаха 2026 жылғы 1 сәуірде Есіл өзенінің жағасынан басына пакет кигізілген күйде өлі табылған болатын. Марқұмның туыстары оның өліміне өзін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған кибералаяқтардың ұзақ уақыт психологиялық қысым көрсетуі себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, алаяқтар қызды отбасының жинаған қаражатын дропперлердің есепшоттарына аударуға мәжбүрлеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз