Әлеумет

Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісіне жаңа айыптар қосылды

Атырауда бір отбасының өліміне айыпты деп танылған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке 30 маусымда мемлекеттік айыптаушылар тағылған айыпқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жариялады.

Сұлтан Сәрсемәлиев

Судьяның айтуынша, адам өлтіру эпизодтарына жаңа саралау белгілері енгізілген.

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизоды бойынша айыпқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 13-тармағы – «басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру» қосылды.

Ал Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру ісі бойынша айып 99-баптың 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтарымен толықтырылды. Тергеу мәліметінше, сал ауруына (ДЦП) шалдыққан әрі көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі бар әйел дәрменсіз жағдайда болған және қарсылық көрсете алмаған. Сондай-ақ тергеу оның ата-анасы қаза тапқаннан кейін полицияға жүгінбек болғаны қылмыстың себептерінің бірі болуы мүмкін деп есептейді.

Бұдан бөлек, айыпталушыға әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алу бойынша қосымша айып тағылды.

Прокуратураның мәліметінше, бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы – «ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау арқылы жасалған алаяқтық» бойынша сараланған.

Осылайша, Сұлтан Сәрсемәлиевке жәбірленушілер қайтыс болғаннан кейін есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алғаны үшін де алаяқтық айыбы тағылды. Осы эпизодтардың бірі бойынша келтірілген шығын көлемі 520 996 теңге деп нақтыланды.

Сонымен қатар, бұған дейін малды сату кезіндегі алаяқтық ретінде сараланған эпизод Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 1-бөлігі – «мал ұрлығы» бабына қайта сараланды.

Қалған айыптар өзгеріссіз қалды.

Іс материалдарына сәйкес, қылмыс ұзаққа созылған отбасылық жанжал аясында жасалған болуы мүмкін.

Соттағы жауабында Сәрсемәлиев қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, тергеуден жасырынуға тырысқанын айтты. Ол мұны ұзақ уақыт жиналған қарыздар салдарынан болған ауыр психологиялық күйзеліспен байланыстырды.

Айыпталушы сотта кінәсін ішінара мойындап, Мейрамгүл Қарабалинаны, сондай-ақ жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін растады.

Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі алдын ала жоспарланбағанын айтып, оны жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Бұған дейін сот отырыстарының бірінде қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова азаматтық талап-арызын жариялаған болатын. Марқұмдардың туыстары айыпталушыдан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрап отыр. Олардың айтуынша, бұл сома бір отбасының бірден төрт мүшесінен айырылуына байланысты белгіленген.

Тергеу дерегінше, алғашқы адам өлтіру 2025 жылдың мамырында жасалған. Осыдан кейін айыпталушы қылмыстың ізін жасырып, қаза тапқандардың мүлкін иемденуге әрекеттенген.

Сондай-ақ ол марқұмдардың ұялы телефондары мен банк деректерін пайдаланып, айналасындағыларды жаңылыстырып, олардың атынан әрекет еткен. Іс материалдарында мәйіттерді жасыру және елден кетуге әрекеттену эпизодтары да бар. Ұзақ уақыт бойы бұл отбасы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған.

Айта кетейік, айыпталушының жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы жоқ деп танылып, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, оған динамикалық бақылау мен қосымша диагностика қажет. Бұған дейін ол күйеуімен бірге халықаралық іздеуде болып, кейін Индонезиядан экстрадицияланған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз