«Сұр» импортпен «күрескен» Шаққалиев халықты жаяу қалдыруға шақ тұр
«Заңсыз жұмыс істейтін «сұр» автодилерлерді анықтап, түрмеге қамау керек». Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында «сұр» импортпен айналысатын автодилерлерге қатысты осындай пікір білдірді. Бұл мәселе шілде айының соңында Үкімет отырысында көтерілген. Премьер-министр Олжас Бектенов көлікті елге заңсыз жолмен әкелетіндердің қызметін тоқтатудың нақты тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша Үкімет басшысы Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне он күн ішіндезаңсыз автокөлік импортын болдырмауға бағытталған шараларды дайындауды жүктеген-ді. Енді 1 қыркүйектен бастап «көлеңкелі» жолмен көлік әкелетіндердің әрекетіне тұсау салынбақ. Билік бұл бағытта бақылауды күшейтіп, автокөлікті елге өз бетінше әкелудің тәртібін өзгертеді.
Бұл мәселеге қатысты шетелден көлік әкеліп сатушы кәсіпкерлер мен автосарапшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа талаптардың қарапайым халықтың мүддесіне кері әсер ететінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, мұндай ауқымды өзгерістер енгізілмес бұрын бизнес өкілдері мен қоғамның пікірі ескерілуі тиіс еді. Кәсіпкерлердің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер тек автокөлік нарығындағы бизнеске ғана емес, шетелден көлікті өз бетінше сатып алатын мыңдаған қазақстандыққа және ел экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Компаниялар көлік сатып алу, инвестиция салу және кәсіпті дамыту жоспарларын қолданыстағы ережелер мен тарифтерге сүйене отырып жасаған. Ал талаптардың қысқа мерзімде өзгеруі импорттаушыларға қосымша қаржылық салмақ түсіріп, бұрын жасалған жоспарлардың қайта қаралуына әкеледі.

Қыркүйекте көлік бағасы 15%-ға қымбаттауы мүмкін
«1 қыркүйектен бастап жаңа талаптар енгізілсе, автокөлік бағасы өседі», – дейді сарапшылар. Олардың бағалауынша, электромобильдермен бірге автокөліктердің де бағасы шамамен 15%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұған жеке тұлғалар әкелетін автокөліктерді кедендік рәсімдеу талаптарының өзгеруі себеп болмақ. Қазір белгілі бір жағдайларда 15%-дық бірыңғай кедендік тариф, сондай-ақ 16% ҚҚС алынады. Алайда талаптар күшейтілгеннен кейін автокөлікті өз бетінше әкелетін азаматтарға жолаушылардың кедендік декларациясы арқылы рәсімдеу талап етілуі мүмкін.
«Қазір мемлекет 15% баж салығын және 16% ҚҚС алады, яғни жалпы мөлшері 33,4%. Автомобиль одағының мәлімдеуінше, 1 қыркүйектен бастап (жеке тұлғалардың пікірі ескерілмеген жағдайда) бұл көрсеткіш өседі. Біз, жеке тұлғалар, қоғамдық тыңдау өткізу қажет екенін айттық. Бірақ ешкім халықтың пікірін сұрамады. Көріп отырғанымыздай, кедендік рәсімдеу құны бәрібір өседі. Ең төменгі коэффициент 48% болады, бұған дейін 33% еді. Яғни автокөліктің құнына қосымша 15% қосылады», – деді автосарапшы Данияр Күзембаев.
Кәсіпкерлерді тағы бір алаңдататын мәселе – жаңа талаптарды енгізу кезінде өтпелі кезеңнің қарастырылмауы. Яғни шетелден көлікке алдын ала тапсырыс беріп, оны Қазақстанға жеткізуді қарастырып жатқан азаматтар жаңа тәртіп күшіне енгеннен кейін көлігін бұрынғы шарттармен емес, жеке пайдалануға арналған жоғары кедендік мөлшерлемелер бойынша рәсімдеуге мәжбүр болуы мүмкін. Кәсіпкерлер бұл өзгеріс әсіресе көлігін шетелден алдын ала сатып алып қойған, бірақ оны 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға жеткізіп үлгермеген азаматтарға қаржылық тұрғыдан ауыр соғуы мүмкін деп есептейді.
Шетелден автокөлік әкелуге қойылатын талаптардың қатаңдауы Қазақстанның ішкі нарығындағы бәсекені одан әрі әлсіретуі мүмкін. Яғни сырттан көлік жеткізу қиындаған сайын тұтынушының таңдау мүмкіндігі де тарылып, ресми дилерлер ұсынатын көлік түрлеріне тәуелділік артады.
Данияр Күзембаевтың есебінше, шетелдегі бағасы шамамен 4,3 млн теңге тұратын автокөлік Қазақстанға жеткізілген кезде кедендік төлем, логистика және басқа да шығындар қосылып, оның құны 7,2 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал дәл сондай көліктің ресми дилердегі бағасы шамамен 8,3 млн теңге болмақ.Мұндай жағдайда жеке импорттың артықшылығы жойылады. Себебі сырттан көлік алдырған азаматтың шығыны ресми автосалондағы бағамен шамалас болады.
«Халық қалаған көлік маркасы мен моделін өзі таңдауға құқылы. Нарық тек ресми автосалондар ұсынатын көлік түрлерімен шектелмеуі керек», – дейді ол.
Ал кәсіпкер Азат Сайлауовтың айтуынша, кедендік төлемдер мен алғашқы тіркеу құнының жоғары болуы жеке импорттаушыларға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді.
«Бұл – ресми дилерлерді қорғау үшін жасалып жатыр» деген пікір бар. Бірақ мен оларды ресми дилерлер деп атамас едім. Олар – дилерлер. Себебі олар көлік әкелу кезінде кедендік төлемдерді, ҚҚС-ты және басқа да міндетті алымдарды төлемейді. Ал мен жеке тұлға ретінде өз атыма көлік әкелсем, 16% ҚҚС, 15% кедендік баж және басқа да алымдарды төлеймін. Мысалы, менде 2023 жылғы көлік болса, оның алғашқы тіркеу төлемі – 2 млн 163 мың теңге. Төлемдер бөліміне кірсең, «Бұл не үшін төленіп жатыр?» деген ой келеді. 2023 жылғы көлікке небәрі үш жыл болған, іс жүзінде жаңа көлік. Ал ресми дилерлер мұның ешқайсысын төлемейді. Соған қарамастан, олар қауіпсіздік туралы айтып отыр», – деді Азат Сайлауов.
Сайлауовтың пікірінше, автокөлік нарығындағы талаптар барлық қатысушыға бірдей болуы керек. Ал жеке импортқа түсетін қосымша қаржылық жүктеме, түптеп келгенде, көлік сатып алғысы келетін қарапайым азаматты шығынға батырады.
Соңғы жылдары Қазақстанда электромобильдерді дамытуға бағытталған бірқатар жағдай жасалды. Атап айтқанда, қуаттау бекеттері көптеп ашылды, электромобиль әкелуге жеңілдіктер қарастырылды. Автосарапшы Данияр Күзембаевтың айтуынша, енді электромобильдерді кедендік рәсімдеу құны жанармаймен жүретін автокөліктерді рәсімдеу құнымен теңескелі отыр.
«Бұрынғыдай емес, енді электромобиль сатып алудың тиімділігі төмендейді. Елімізде электромобильдердің саны күн сайын азая беруі мүмкін. Бұл, әсіресе, Алматыдағы экологиялық жағдайға кері әсер етеді. Қаланың ауасы да енді жақсара қоймайды», – деді Данияр Күзембаев.
«Сұр автодилер» ұғымының құқықтық мәртебесі анықталмаған
Автосарапшы Данияр Күзембаев Шаққалиевтің көлік импортына қатысты пікіріне де тоқталды. Айтуынша, бұл мәселенің түсініксіз тұстары бар. Атап айтқанда, «сұр дилер» деген атаудың нақты кімдерге қатысты қолданылатыны және оның құқықтық мәртебесі қандай екені толық айқындалмаған. Сарапшының айтуынша, Сауда және интеграция министрлігі «сұр импортпен» күресті күшейту қажеттігін айтып, шетелден көлік әкелудің кейбір түрлерін заңсыз әрекет ретінде бағалаған. Сонымен қатар ведомство импортталатын автокөліктердің кедендік құны әдейі төмендетіліп көрсетілуі мүмкін екенін алға тартқан.
«Заңда тыйым салынбаған нәрсеге рұқсат етіледі деген қағида бар. Сондықтан жеке тұлға ретінде шетелден көлік әкеліп жатқан азаматтарды автоматты түрде «сұр автодилер» санатына қосу дұрыс емес деп есептейміз», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, көліктің кедендік құнын қасақана төмендету фактісі болса, оны анықтау және оған құқықтық баға беру тиісті мемлекеттік органдардың құзыретінде.
«Сауда және интеграция министрлігі көліктердің кедендік құны төмендетіліп көрсетілетінін айтады. Бірақ бұл – Мемлекеттік кірістер комитетінің тікелей құзыретіндегі мәселе. Ал Қазақстанға көліктердің заңсыз, өзгертілген сәйкестендіру нөмірлерімен әкелінетіні туралы мәліметтер болса, оны тексеру Ішкі істер министрлігінің міндеті», – деді ол.
Сарапшы осы мәселелердің бір-бірімен араласып кеткенін алға тартып, әрбір құқық бұзушылыққа жауапты орган нақты жұмыс жүргізуі керек деп санайды. Оның пікірінше, заңсыз импорт, кедендік құнды бұрмалау және көліктің сәйкестендіру нөмірін өзгерту – әртүрлі құқық бұзушылықтарға жатады. Сондықтан олардың барлығын «сұр импорт» деген бір атаудың астына біріктіру нарықтағы жағдайды нақты бағалауға кедергі келтіруі мүмкін.
Бұл ретте сарапшы жеке азаматтың көлікті шетелден өз бетінше сатып алу құқығы мен коммерциялық мақсаттағы автокөлік импортының аражігін ажырату қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, мәселені шешудің алғашқы қадамы – «сұр дилер» және «сұр импорт» ұғымдарына нақты құқықтық анықтама беру.
Сарапшы мәселені азаматтардың шетелден көлік әкелу мүмкіндігін шектеу арқылы емес, нарықтағы бәсекені күшейту арқылы шешуді ұсынады. Оның айтуынша, егер Қазақстандағы ресми автосалондардағы көлік бағасы шетелден көлікті барлық міндетті төлемдерін төлеп әкелгеннен кейінгі құнмен тең немесе одан төмен болса, азаматтардың жеке импортпен айналысуға деген қызығушылығы өздігінен азаяды.
«Бағаны төмендетсін. Егер көлік бағасын «оны шетелден өзім әкелгенше, осы жерден алғаным тиімді» дейтіндей деңгейге түсірсе, онда ешкім көлік тасып әуре болмайды», – деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, ең бастысы – импорт талаптары азаматтарға алдын ала түсінікті, тұрақты болуы керек. Ал тұтынушы өз қаржысына сай көлікті қай жерден және қандай жолмен сатып алатынын өзі таңдағаны жөн.
Автокөлік импортына қойылатын шектеу нарыққа қалай әсер етуі мүмкін?
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, автокөлік импортына қатысты жаңа талаптардың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың атына автокөлік рәсімдеп, оларды коммерциялық мақсатта импорттауға жол бермеу.

«Қазір нарықта бірнеше көлікті әртүрлі жеке тұлғалардың атына рәсімдеп, белгілі бір уақыттан кейін қайта сату сияқты схемалар бар. Жаңа талаптар осындай тәжірибені шектеуге бағытталған. Қысқа мерзімде автокөлік импорты азайып, кейбір модельдердің бағасы өсуі мүмкін. Әсіресе шетелден келетін арзан және орта сегменттегі көліктердің бағасына әсер етпек. Дегенмен «сұр» импортпен күресеміз деп, тұтынушының көлік таңдау мүмкіндігін шектемеу керек», – дейді экономист.
Сонымен бірге Бауыржан Ысқақ автокөлік бағасы бірден 15, 40 немесе 47 пайызға өседі деген болжамға қатысты да өз ойын айтты. Оның пікірінше, мұндай өсім барлық көлікке бірдей жүреді деу дұрыс емес.
«Көлік бағасы 15%-ға немесе 40%-ға қымбаттай ма деген сұраққа қазір нақты жауап беру қиын. Кейбір модельдердің бағасы 15%-ға өсуі мүмкін. Бірақ бұл бүкіл нарықтағы жағдай дәл осындай болады дегенді білдірмейді. Көлік бағасына валюта бағамы, логистика шығындары, кедендік төлемдер және басқа да бірқатар фактор әсер етеді. Сондықтан нарық бойынша баға бірден 40%-ға қымбаттайды деу қиын. Бағаның қаншалықты өсетіні көліктің қозғалтқыш көлеміне, шыққан еліне және оның қандай схема арқылы әкелінетініне де байланысты болуы мүмкін. Мәселен, жеке тұлғалар үшін кедендік рәсімдеу шарттары коммерциялық импорт талаптарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан нарыққа қатысушылардың ең жағымсыз сценарий ретінде бағаның едәуір өсуін қарастыруы түсінікті болғанымен, оны нақты факт ретінде қабылдауға болмайды», – дейді ол.
Екінші жағынан, бұл өзгерістер отандық автокөлік өндірісіне де әсер етуі мүмкін. Қазақстанда жергілікті өндіріс көлемі өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елде 77 мыңнан астам көлік өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 37%-ға жоғары.
«Импортқа қойылатын шектеулер отандық көлік өндірісіне деген сұранысты арттыруы мүмкін. Алайда тұтынушы үшін таңдау мүмкіндігі азайып, нарықтағы бәсекелестік төмендесе, өндірушілер бағаны көтеруі де мүмкін. Сондықтан мәселенің шешімі импортты жай ғана шектеумен шешілмеуі керек. Отандық өндірісті қолдаумен қатар, бірнеше өндіруші арасындағы бәсекелестікті сақтау және тұтынушыға таңдау мүмкіндігін қалдыру маңызды», – дейді Бауыржан Ысқақ.
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, «сұр импорттың» қысқаруы автокөлік нарығындағы бәсекелестікке әсер етуі мүмкін. Себебі шетелден көлік әкелудің балама жолдары азайса, тұтынушылардың таңдауы негізінен ресми дилерлерге ауысады. Бұл жағдайда нарықтағы бірнеше ірі ойыншының ықпалы күшейіп, өздері баға белгілей бастауы мүмкін. Дегенмен экономист мұны бірден монополия қалыптасады деп бағалауға болмайтынын атап өтті.
«Сұр импорт» күрт қысқарып, нарықтағы негізгі сұраныс бірнеше ресми дилердің қолына шоғырланса, олардың баға белгілеу мүмкіндігі артуы мүмкін. Яғни «сұр импорттың» азаюы автоматты түрде әділ бәсекелестік орнайды дегенді білдірмейді. Мемлекеттің міндеті – «сұр» дилерлерді ресми дилерлермен жай ғана алмастыру емес, нарықтағы бәсекелестікті сақтап қалу. Сондықтан бірнеше бағыт қатар қарастырылуы қажет. Біріншіден, коммерциялық импортты жеке тұлғалардың атына рәсімдеп, заңдағы талаптарды айналып өтуге жол бермеу керек. Екіншіден, ресми дилерлер арасындағы бәсекелестікті сақтау маңызды. Үшіншіден, тұтынушының қолжетімді әрі сапалы көлік таңдау мүмкіндігі шектелмеуі тиіс. Ең бастысы, сұр импортты қысқартамыз деп, нарықтағы нақты бәсекелестікті де әлсіретіп алмау», – дейді ол.
Көлік импортына қатысты өзгерістердің енгізілетіні белгілі болғанымен, оның нақты тәртібі әзірге белгісіз. Мемлекеттік органдар шектеу болатынын айтқанымен, оның кімдерге қатысты екенін, қандай талаптар қойылатынын толыққанды түсіндірген жоқ. Әзірге өзгерістердің қалай іске асатыны және автокөлік нарығына қаншалықты әсер ететіні маңызды болып отыр.
Маржан СӘБЕТ