Табиғат пен еңбек тоғысқан өңір
Алматы облысы Райымбек ауданы соңғы жылдары туризм мен ауыл шаруашылығын қатар дамытуға басымдық беріп келеді. Бір жағынан, аудан әлемдегі ең сұлу табиғи аймақтардың бірі ретінде халықаралық туристерді тартуға ұмтылса, екінші жағынан, кезінде бүкіл республикаға танылған Нарынқол картобының даңқын қайта жаңғыртуға күш салып жатыр. Бұл бағыттағы бастамалар аудан экономикасына жаңа серпін беріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашуы мүмкін.
Райымбек ауданының табиғи әлеуеті туралы сөз болғанда ең алдымен Хантәңірі шыңы ойға оралады. Қазақтың маңдайына біткен қасиетті шың саналатын бұл аймақ әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін ерекше қызығушылық тудырады. Сондықтан аудан билігі туризмді өңір дамуының негізгі бағыттарының біріне айналдыруды көздеп отыр.
Аудан әкімі Дастан Құдабаевтың айтуынша, өңірде туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында төрт бағыт бойынша жол құрылысы қолға алынған. Жалпы ұзындығы 94 шақырым болатын жолдар жөнделіп, туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланған. Дегенмен табиғаттың бастапқы қалпын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Әкімнің сөзінше, Шоғансай, Ақкөл секілді табиғаты ерекше орындарға дейінгі жолдар ретке келтірілгенімен, барлық шатқал мен сайға асфальт төсеу жоспарланбаған. Өйткені бұл табиғи ортаның бұзылуына әкелуі мүмкін.
Бүгінде ауданда ресми тіркелген алты демалыс аймағы жұмыс істейді. Сонымен қатар екі жүзге жуық кәсіпкер этнотуризм саласында қызмет көрсетіп келеді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық мәдениетті насихаттайтын демалыс орындары көбейіп жатыр.
Райымбек ауданы халықаралық туризм нарығына шығуға да дайындық жүргізуде. Қытаймен шекаралас өңір болғандықтан, аудан билігі көрші елден келетін туристер легін арттыруға мүдделі. Осы мақсатта Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарының әкімдері Қытайға барып, туристік ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Қазіргі уақытта нақты келіссөздер жалғасып жатыр.
Әзірге Райымбек ауданында Қытаймен тікелей шекаралық өткел жоқ. Алайда Ұйғыр ауданындағы өткел арқылы қытайлық туристерді Алматы облысының үш туристік өңіріне әкелу жоспары бар. Жобаға сәйкес, 1 шілдеден бастап бес және жеті күндік арнайы турлар ұйымдастырылады. Сонымен қатар Хантәңірі бағыты бойынша жаңа туристік маршруттар әзірленіп жатыр. Болашақта шыңға жақын маңда шолу алаңы салынып, туристерге атпен немесе жаяу серуендеу мүмкіндігі ұсынылмақ. Бұл бастамалар өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына негіз бола алады.
Райымбек ауданындағы екінші маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы. Бір кездері Нарынқол картобы республика бойынша сапалы өнім ретінде танылған еді. Бүгінде сол брендті қайта жаңғыртуға нақты қадамдар жасалып жатыр.
Ауданда өткен ауыл шаруашылығы форумында картоп өндірісін жаңа технологиялар негізінде дамыту мәселесі талқыланды. Су үнемдеу жүйелері енгізіліп, заманауи агротехнологиялар пайдаланылуда. Қазіргі таңда ауданда 5 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Оның жартысы қазірдің өзінде қолданысқа берілген. Сонымен қатар шаруалар минералды тыңайтқыштарды дрон арқылы енгізу жобаларына қызығушылық танытып отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы әлеуеті де жоғары. Бүгінде мұнда 68 мың бас ірі қара, 50 мыңға жуық жылқы және 268 мыңға жуық қой өсіріледі. Жалпы жер көлемі 710 мың гектарды құрайды. Нарынқол картобын қайта жандандыру жолындағы ең ірі жобалардың бірі – «Алтын Дән» өндірістік кооперативінің бастамасы. Ең маңызды жаңалық – халықаралық PepsiCo компаниясымен жасалған әріптестік. Кооператив 250 гектар жерге чипсы өндіруге арналған арнайы картоп сорттарын егіп отыр. Компания мамандары өндіріс процесін тұрақты бақылауда ұстайды.
Жігер Әшім
Алматы облысы