11:07, 04 Қаңтар 2024
Тағы бір сала өкілдерінің жалақылары өсті

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың нәтижесінде 1 қаңтардан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті.
Еңбекақыны арттыру – су шаруашылығы саласында жұмыс істеуді тартымды ету қадамдарының бірі. Әрине, салада жүрген мамандарды ұстап қалып қана қоймай, оларды қажетті дайындықпен, заманауи дағдылармен және біліммен қамтамасыз ету қажет. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұдан бөлек, министрлік отандық су саласының кадрлық әлеуетін жақсарту үшін су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.