Талғардың суы Жезқазғаннан тұниды
Қазақстанда ауыз суға жарымаған, таза суға зар болып отырған ауылдар жетеді. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Еламан ауылы қанша жылдан бері лай, тұзды суды ішуге мәжбүр.
Жергілікті билік «әне, су, міне, су» дегелі де төрт жыл өткен. Ең сорақысы сол, ауыл тұрғындары биыл да көптен күткен таза суға қол жеткізе алмайтын секілді.
1968-1970 жылдары 40 шақты үйдің ұйысуымен іргетасы қаланған ауылдың халық саны қазір біршама өсіп қалған. Бүгінгі таңда 300-ге тарта түтін, 1200-ге жуық халық тұратын Еламан ауылының өз мектебі бар, жаңа жұмыс орындары да көбейіп келеді. Қызу құрылыс жұмыстары, шаруа қожалықтарының үлкеюі, сауда орындары мен үйірмелердің ашылуы әсерінен алыс-жақын елдімекендерден көшіп келетіндердің қатары артқан. Бұл туралы біз тілдескен ауыл тұрғыны Өміржан Тоғайбайұлы да айтты:
Мен балабақшада жұмыс істеймін. Отбасыммен 4 жыл бұрын Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылынан осында көшіп келгенбіз. Соңғы уақытта ауылымызға Семейден, Өскеменнен, Қызылордадан, көрші ауылдардан көшіп келіп жатқан отбасылар көбеюде. Олардың бәрі жұмыс іздеп келгендер. Өйткені бұл аймақта шеге, болгарканың тасын, дастарқан шығаратын, етік тігетін өндіріс орындары салынып жатыр. Тауық базы бар. Басқа да шаруа қожалықтары да жетерлік. Жұмыс көп, тек ішетін судың жоқтығы қатты қинап тұр.
«Су мәселесі» дегеннен-ақ ауыл тұрғындары жамырап сала берді. Біз әуелі істің мән-жайын білейік деп ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Қоныс Алшынбековпен тілдестік.
Осы мәселемен бармаған мекемеміз, қақпаған есігіміз қалмады. Халық қатты қиналып кетті. Қазір мәжбүрліктен ішіп отырған суымыз сапасыз. Тіпті жарамсыз суды қолданып отырмыз десек те болады. Ескі құбырдан ішетін суымыз лайланып кетті. 100 шақты шаңырақ қарап отырған бұл құбырды кезінде ақша жинап, ауыл халқы өзіміз жасатқанбыз. Ал кейіннен қоныстанған жаңа құрылыс жақтың тұрғындары амалдап, үйінің қасынан құдық қаздырып алған, кейбірі «елде бар ерінге тиеді» деп суы бар көршісіне күні қарап, жан бағып жүр. Онда да 17-18 метр тереңдіктен шығатын ащы су. Тұзды да болса тұтынуда. Су құбырларын тартып, таза су әкеледі деген құрылыс 2019 жылы басталған, әлі біткен жоқ. Құрылысты бастауындай-ақ бастады. Ел құбырын тартып, дайын отыр. Енді осы дайын дүниені іске қосуға не кедергі? Түсінбейміз. Мұны 217 метр тереңдіктен бұрғылап шығарды. Іске қосылса ауыз су азабынан құтылар едік. Алайда мына түрімен биыл іске қосылатынына күмәніміз бар. Міне, жаз бітті. Күздің артында қақаған қыс тұр. Сонымен тағы сусыз қалдық. Ауданға барған сайын су сұрап, Айбек Ақылжановқа соғамын. «Иә, иә, қарастырып жатырмыз, міне-міне» дегеннен ол да жалықпайды, бара бергеннен мен де шаршамаймын. Енді қанша уақыт «қарастыратындарын» Құдай білсін. Ақыры ауданнан қайыр болмаған соң Серік Сматов, Өміржан Тоғайбайұлы сынды елге бас болар азаматтармен бірігіп облысқа дейін шықтық. Бәрі «қатырамыз» деп шығарып салады. Бірақ олар қатырып болғанша елдің де сілесі қатып, кенезесі кеуіп бітетін түрі бар. Ал ауыл әкімі Нұрболат Манапбаевтың не ойлайтынын білмейміз, құр әншейін қарап отыр, – дейді ашынған ақсақал.
Әлгінде есімдері аталған шенділердің әрқайсына хабарласып, жауапты мекемелерге мән-жайды сұрап, сауалдарымызды қойдық. Сөйтсек, «Еламан ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы 2020 жылдың 3 сәуірінде басталған екен. Мердігер – «Дәнекер» ЖШС. Желілерінің жалпы ұзындығы 11 км-ді құрайтын құрылыстың құны 265,8 млн теңге. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталуы керек болған. Алайда мердігер компания жұмысты мерзімінде аяқтау былай тұрсын, мүлде аяқсыз қалдырған.
Бітпейтін құбыр, жетпейтін су мәселесін енді Талғар ауданы әкімі Таңат Айдарбековтің баспасөз қызметінен сұрадық. Нақты сауалымызға көлдей жауап келді. Қысқаша айтқанда: «Қазіргі уақытта нысан 98%-ға аяқталды. Жүйені іске қосу жұмыстары ғана қалды. Алайда мердігерлік ұйым жұмысты мерзімінде аяқтаған жоқ. Осыған байланысты Талғар ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» (ЖКХ) мемлекеттік мекемесі сотқа талап-арыз берді. Сумен жабдықтау желілерін қосу бойынша қалған жұмыстар «Талғар су» ШЖҚ МКК тарапынан жүргізілетін болады», – деді. Алайда халық қашан суға қол жеткізеді деген сұрақтың жауабы болмады. Осы сауалды Еламан ауылы қарайтын Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасарыНұрбол Есенбаевқа да қойдық. Ол да жаңағы сарындағы «жауапты» айтты да, қазір құрылысы тоқтап қалған құбырларды «Талғар Су» мекемесі қарап, кемшіліктерін тексеріп, ақауларын анықтап жатқанын айтты. «Алда осы мекеменің құзырына өтетіндіктен алдын ала толық тексеру жұмыстарын жүргізіп, қабылдап алады. Осыдан кейін ғана халықтың игілігіне беріледі», – деді ол. Содан «Талғар Су» қайдасың деп мекеме басшысына хабарластық.
Құрылыс аяқталуға жақын қалған деген аты ғана. Іс жүзінде 95-98 пайызы аяқталғаны рас. Бірақ сапасы сын көтермейді. Шілденің ортасында тексерісті бастап, тамыздың басында аяқтадық. Құбырлар су жіберуге жарамсыз. Тексеріс қорытындысын аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолдадық. Тек техникалық аспектілерді есептесек, 1-2 айда жөндеп бітіп, пайдалануға беруге болады. Бірақ сот процесі мен қаржы алу жағы ұзаққа созылады. Бұл құрылысты да, судың берілуін де кешеуілдетеді, – дейді «Талғар Су» мекемесінің басшысы Қуатбек Нығметұлы.
Яғни тендерді шығарған да, қорытынды нәтижелерді алған да аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы. Жауапсыз мердігермен соттасып жүрген де солар. Демек, судың қашан берілетінін бір білсе осылар біледі деп топшыладық. Сөйтіп, аталған мекеменің бөлім басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжановпен сөйлестік.
Мердігер 2020 жылы ауылдың ішкі құбырларын тартты. Келісімшарт бойынша 2021 жылдың қарашасында су жүйесін толық бітіріп, су жинақтау торабын іске қосулары керек еді. Келісімшарттың уақыты біткен соң «Дәнекер» ЖШС-ын 2021, 2022 жылдары екі рет сотқа бердік. Онда аталған компанияның жұмысын бітіру және шығынды өндіру туралы талап қойдық. Соңғы соттың шешімі бойынша 2 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеу және жұмысты мәжбүрлі түрде аяқтату туралы шешім шықты. Сот шешімі бойынша осы жылдың сәуір айының соңына дейін құрылысты аяқтауы керек болған. Алайда олар қозғалмады. Тіркелген мекенжайы Жезқазғанда болғандықтан, сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату үшін сот орындаушыларға талап-арыз жібердік. Оған қоса аталған мекемені тексеру үшін Алматы облыстық экономикалық тергеу департамент басқармасына да аудан әкімінің атынан хат жолдадық. Олар хат жолданған соң екі аптадан кейін хабарласып, мән-жайды сұрастырды. Бірақ еш нәтиже болмады. Сөйтіп, сәуірде Бесағаш ауылында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің есеп беруі өтті. Бұл кездесуде Еламандағы ауыз су мәселесі айтылды. Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бірден мердігерлерге хабарласып, сөйлесті. Содан соң «Дәнекер» жұмысты қайта бастағандай болған. 1 апта келдім-кеттім жүрді де, ізім-ғайым жоғалды. Көріп отырғандарыңыздай облыс әкімі де, басқармалар да хабардар. Десек те біткен шаруа жоқ. Бәрі сотқа қарап тұр. Әу баста бізде екі жол болды. Біріншісі, сот шешімін орындатып, құрылысты бұрынғы мердігерге аяқтату. Бұл болмаған соң екінші жолмен әрекет етейін деп отырмыз. Яғни мердігерден сот арқылы ақшаны өндіріп, шығындарды есептеп, жобаны қайта тендерге қоямыз. Осылайша, құрылысты басқа мердігер аяқтамақ. Осы уақытқа дейін «Дәнекер» ЖШС-ға 260,8 млн теңге төленген. Біз оларға төлемеген 5 млн және 3 млн-ға жуық банктік кепілдігі бар, барлығы шамамен 8 млн теңгені жинақтаймыз. Қазір «Талғар Су» құрылыстың кем-кетігін жөндеп, аяқтау үшін қанша қаражат қажеттігін есептеп жатыр. Соған қарай жалпы шығын көлемі есептеледі. Осыдан соң «Шығындарды өтесін» деп талап қойып, «Дәнекер» ЖШС-ын үшінші рет сотқа бермекпіз. Арыз дайындалуда, тамыздың аяғында облыстық экономикалық сотқа жолдаймыз. Жұмыс сот шешімінің шығуына байланысты жүргізіледі. Судың қашан келетінін басып айта алмаймыз. Өйткені сот процесі қанша уақытқа созылатыны беймәлім. Бәрі сотқа қарап тұр, – деді Айбек Ақылжанов.
Аталған мемлекеттік сатып алу келісімшартын ашық дереккөзден тауып алып, қарадық. Көрсетілген ақпараттар жоғарыда айтылған мәліметтермен сәйкес. «Дәнекер» ЖШС 1992 жылы тіркелген, Қазақстан аумағында біраз тендер алып, тапсырыстарды орындап жүрген мердігер. Басшысы Айтмырза Ысқақов деп көрсетіліпті. Заң алдында 66 тапсырыс бойынша қарызы бар мекеме Талғар ауданына ғана емес, біраз жерге «жексұрын» болыпты. Мекеме тіркелген Жезқазған қаласындағы сот орындаушы Жанна Ермекованың сөзінше, «Дәнекер» ЖШС біртіндеп қарыздарын қайтарып жатқан көрінеді. «Менің міндетімде болған мемлекетке аударымдардың бәрі орындалды. Қазіргі басшысы Бауыржан Ысқақов. Талғар ауданынан келген сот шешімі бойынша мердігер жұмысты міндетті-мәжбүрлі аяқтау қажет. Ал олар Жезқазғанда тіркелгенімен, негізі орналасқан жері Астана қаласы. Алматы облысында жасалатын жұмыс болған соң сот шешімін орындату маған да қиындық туғызып тұр», – дейді заңгер. Бұл соттың шешімі орындалам дегенше, үшінші іс басталмақ.
Жалқамыстағы амбулаторияға қатынап, дәрігерге қаралатын еламандықтар электр жарығына да жарып отырған жоқ. Былтыр бір трансформатор іске қосылған, биыл тағы біреуіне ауданға өтінім беріліпті. Оның да қашан келері белгісіз. Су жүйесінің құрылысын бітірмей тұрып жолды жөндеу мүмкін емес. Жолдардың техникалық құжаттары дайын, судың келгенін күтіп тұр-мыс. Ал газ жүргізу жұмыстары мемлекет есебінен іске асып жатқан көрінеді. Көгілдір отынның қашан жетері тағы белгісіз. «Тым құрыса таза су ішіп, ыстық күнде таңдайымыз жібіп, тіршілік нәрінен тарықпасақ» деген ауыл тұрғындарының төрт жыл күткен «су биыл жазда келер» деген үміті тағы ақталмады. Сот үкімі созылып, «дәнекер келді», «дәнекер қашты» деп жүргенде ауыл халқы тағы бірнеше жыл сусыз отырмаса етті...
Р.S. Бұл мәселені шешудің оңтайлы жолы М. Сұлтанғазиев Ұлытау облысының әкімі Б. Әбдіғалиұлына хабарласып, қолына түспей жүрген әлгі мердігер компания туралы айтып, қолқа салса Б.Әбдіғалиұлы да қарап қалмас. Ұрыны үйіне тығып отырады дейсіз бе? Сөйтіп, екі әкім білек сыбана кіріссе бір ауылға су тартып беруге шамалары келер еді.