Таразда 3,5 млрд теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған
Бұдан бір жыл бұрын Тараз қаласында балаларға арналған футбол академиясының құрылысы басталатыны жарияланып, арнайы капсула салынған еді.
Алайда арада бір жыл өтсе де, құрылыс алаңында ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Жамбыл облысының әкімдігі нысанның не себепті әлі салынбағанын түсіндірді.
Қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженов футбол академиясының құрылысы жоспарланған аумаққа барып, қазіргі жағдайды көрсетті. Оның айтуынша, өткен жылы өткен ресми рәсімде 100 балаға арналған, УЕФА мен ФИФА талаптарына сай келетін заманауи академия салынатыны айтылған.
Журналистің сөзінше, жобаға Халық қоры 3,5 млрд теңге бөлетінін мәлімдегенімен, қазір аумақта құрылыс басталғанын білдіретін ешқандай белгі жоқ.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, футбол академиясы Қазақстан футбол федерациясының тапсырысы бойынша Халық қайырымдылық қорының қаржысына салынады. Нысан үшін 15,7 гектар жер телімі бөлінген.
Әкімдік өкілдері қазіргі уақытта жобаның құжаттары әзірленіп жатқанын хабарлады. Эскиздік жоба қалалық сәулет-құрылыс бөлімінен келісіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынған. Ал жұмыс жобасы мен жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
"Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, 2027 жылдың басынан құрылыс жұмыстары басталады. Жоспар бойынша жоба 2028 жылдың екінші тоқсанында аяқталып, толық пайдалануға беріледі. Жоба құны – 3,5 млрд теңге", – деп мәлімдеді әкімдік.