Тіл басқармасындағылар неге тілін тістеп отыр?
Тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры. Қазаққа басты құндылықты сақтап қалу неге сонша қиынға соғып отыр?
Тәуелсіз ел болсақ та өзіміздің сөйлеу құралымызды өзектен теуіп келеміз. Қазақ тілінің ертеңіне ет жүрегі елжірейтіндердің ендігі үміті – алдағы референдумда. Бірақ ана тіліміздің келешегіне марғау қарап, кежегесін кері кетіріп отырған әуелі осы салаға жауапты басшылар екенін білгенде, қатты қынжылдық. Көпшілікке көптен жұмбақ болып келген деректі кеше, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, әріптесіміз Қайрат Әбілдә әлеуметтік желідегі парақшасында жазыпты.
Күнді қанша көлегейлесең де, жарығын шашады
Журналистің жүрек сыздатар жазбасын оқып, бағытынан адасқан жолаушыдай, дағдарып қалдық. Сонымен, үзіндіге кезек берейік:
– Кеше Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің Әлеуметтік сала, халықты әлеуметтік қорғау және жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қайран тілдің мәселесін кеңінен қаузадық. Баяндамалар жасалды: атқарылған іс аз емес екен. Сіздерге мынадай сорақылықты айтайын: біздің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармада жеті-ақ адам бар екен. Облыстағы алты өңірде тіл бөлімі мүлдем жоқ көрінеді. Мемтілімді қорғайды деген басқарманың бүгінгі тіршілігі осындай болса, мен тілімді тістедім...», – депті жазба авторы.
Бізді қайран қалдырғаны, облыстық тілдерді дамыту басқармасындағылар шынның жүзін осыншама уақыт неге іште бүгіп келген? Бақсақ, төл тілдің кежегесін кері тартып отырған өз қандастарымыз екен.
— Аталған басқармада қарапайым маман болып жұмыс істеймін. Бұл мәселені ішімізде талайдан айтып, көтеріп келеміз. Бірақ басшылар аузымызға қақпақ қойып келеді. Рас, басқармада, оның жанындағы ресурстық орталықта да мамандар аз, жүктеме көп, жалақымыз 100 мың теңгеге жетпейді. Мұнда кадрлар тұрақтамайды. Облыс бойынша мемлекеттік тілді дамытуға жауаптымыз, бизнес субъектілерінің жарнамасындағы грамматикалық олқылықтарды түзетіп, кеңес береміз. Атқарушы билік ауыз толтырып айту үшін «мемлекеттік тілді дамыту басқармасы» деген ат беріп қойған. Шынтуайтына келгенде, тіл, мәдениет, спорт секілді үш мекеменің функциясын қатар атқарып отырмыз. Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік тілмен айналысатын дербес басқарма болуы керек, сонда ғана нәтиже күтуге болады, – деді есімін көрсетпеуді сұраған тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарманың қатардағы маманы.
Өзгелерден неге үйренбейміз?
–Қазақ тілін дамытуға, қорғауға келгенде, еңсеміз езіліп, енжарлығымыз ұстап қалады. Тым болмаса, ұрпақтың тағдыры үшін сең қозғалса етті! Әне, сөздік құралында ағылшыншасы араласқан немістер сырттан келген мигранттарға: «Ең құрғанда, неміс тілінің субстанциясын сақтаңдар!» деп қатаң ескертеді. Сөйте тұра, мұнда нан сатып алу үшін немісше тіл қатуың керек. Франция – әмбеден ұлы империя емес пе? Рухы биік француздар ұлтты таза сөйлеуге дағдыландыру үшін тіл полициясын құрды. Ал көрші Ресейде не істелуде десек, орыс тілінің жағдайын іс жүзінде бақылап, тілдік нормасын анықтау мақсатында – жылма-жыл жалпы халықтық диктант жазу акциясын енгізген. Тәуелсіз ел – Қазақстан қазақ тілін қорғап қалатын қандай амал тапты? 22-қыркүйек – Тілдерді дамыту күні, марапаттау мен концерттік шаралар ұйымдастырудан әрі аса алмай келеміз. Әлде, бірегей бастаманы ойлап табуға әлі ерте ме? – дейді қазақ тілінің жанашыры Жасұлан Батырұлы.