Тоқаев Путинмен кездесті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аясында өтті.
Ақорданың хабарлауынша, тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтап, Қазақстандағы саяси тұрақтылықты нығайту, экономиканы дамыту және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бағытындағы реформаларға қолдау білдірді.
Өз кезегінде Тоқаев Қазақстандағы конституциялық реформалардың барысына тоқталды.
«Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүдделерге сай жалғасады. Реформа үшін реформа жасауға болмайды. Ең алдымен азаматтарымыздың мүддесін басшылыққа алуымыз керек», – деді президент.
Тоқаев сондай-ақ Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктестерінің бірі болып қала беретінін айтты.
Путин екіжақты сауда айналымының өсіп келе жатқанын атап өтіп, гуманитарлық байланыстарға да тоқталды. Оның сөзінше, қазір Ресейдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 60 мың студент білім алып жүр.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.