Сараптама

Тоғжанов ескі билікті сағыныпты

Қазақтың аңыз-ертегілерінде қылыш өтпейтін, отқа жанбайтын, суға батпайтын батырлар болушы еді.

Тоғжанов ескі билікті сағыныпты

Сол алыптардың жұрнағы әлі бар екен. Ел айтып жатыр-ау деп айылын жимайтын, халықтың наразылығын шыбын шаққан құрлы көрмейтін шенеуніктер әлі аттан түспепті.

«Жаңа Қазақстан» құрып болдық, әділетті ел боламыз, ендігі шенділер паң болмайды, парақор болмайды, жағымпаз болмайды, іскер, халықшыл болады, Назарбаевтан қалған ескі дәуірді сағынбайды, өйткені «деелбасызация» жүріп болды… деп ойласаңыз қателесесіз. Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдық шежіресінде алаңсыз ойқастағандар аман тұрғанда Назарбаев культі өлмейді екен. Мұны Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов дәлелдеп берді.

Өткен аптада Тоғжанов «Елбасы медалін» тағайындап, оған 104 млн теңге қаржы бөлетіні туралы хабарлады. «Елбасы» статусының заңнан сызылғанына бірнеше айдың жүзі болса да, Ақтөбе әкімі бұл жаңалықтан хабарсыз қалған сияқты. Әлде ескі билікті сағынышы шыдатпай, экс-елбасына деген адалдығын тақтан түскенше дәлелдеп кетпек болды ма екен? Назарбаевты ұмыта алмай жүрген шенділер көп шығар, бірақ Тоғжанов сияқты «наглец» шыға келгенде бүкіл Қазақ даласы «ән» салып кетті. Ақтөбе әкімі Ақорда қарап отыр-ау деген жоқ, заңнан сызылған Назарбаевтың статусын «тірілтіп», оған жергілікті қазынадан 104 миллион теңге бөлдіріп, жастарды жарылқап тастамақшы болды. Әлеуметтік желі мен БАҚ атаулы бәлен күннен бері бұл Тоғжановтың қай тойынғаны деп желпініп тұр.

Назарбаевқа езіліп-емірену Астана жаққа жақпайтынын Тоғжанов түсінбейді емес, өте жақсы түсінеді. Сонда мұнысы несі? Әдейі, қасақана жасағандай әсер қалдырады. Білгеніңді қылып ал дегені ме? Астана ай қарап отырған жоқ, баланың еркелігі ғой дейтіндей емес, биыл ғана 60 дейтін мерейлі жасқа толған Ералы Лұқпанұлының бұл әрекетін кешіре қояр ма екен? Бүгін үндемегенімен, жыл соңына қарай осы «минусы» үшін есеп беретіні анық.

Қаңтар оқиғасынан кейін атқамінердің бәрі Назарбаевтан отауын бөлектеп, ошағын шеттетіп, жаңа билікке қарай төтен бейімделіп үлгерді. Тоғжанов та сол қатарда, биік мансабын сақтап қалған, «өлмесхандардың» бірі еді. Назарбаевтың ерекше ықыласына бөленген және Жаңа Қазақстанда да аттан түспеген екі әкімнің бірі Даниал Ахметов болса, екіншісі – осы Тоғжанов-тұғын.

Ахметов ағай тұңғыш президент тақтан түскенде қызметтен кеткен жоқ. Қаңтардан кейін де қожайыны «қазаннан қағылып» қалса да, ол шығысты алақанынан шығармай отырды. Ақорда асыққан жоқ, Ахметовті жетпіске қараған шағында, жақында ғана зейнетке жіберді. Дегенмен зейнет жасына әлі жетпеген Тоғжанов жақын арада қозғала қоймайтындай көрінетін. Әлде, өзі қажыды ма екен, осындай бір шала іс қылып қойды. Отставканың келесі «остановкасы» Ақтөбе облысы болып шықпасын, не де болса, болар іс болды, ендігісін уақыт көрсетер?

Тоғжанов басын дауға қалдырған жобасын Ақтөбе облысы әкімдігінен қаржыландырмақ болғаны түсініксіз. Назарбаевтың атын ұстап қалған «Назарбаев қоры», «Нұрсұлтан Назарбаев қоры», «Демеу» қоры, «Елбасы қоры» бар. Тұңғыш президентке қатысты жобаларды сол қорлар қаржыландыру керек еді ғой негізі. Оның үстіне, былтыр OCCRP және Vlast журналдары Назарбаевқа қатысты қорлардың миллиардтаған активтері бар екенін жариялаған-ды…  

Тоғжанов туралы әңгіме қозғалса, екі облысты басқарып, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған, Ассамблеяны басқарған 60 жастағы шенеунікке еміренген елден гөрі, назалы жұрттың қарасын көп байқайсыз. «Тоғжанов тұралатып кеткен жыл», «Тоғжанов қарық қылмаған жоба» деген реніш көп маңғыстаулықтарда. Блогер Азамат Сәрсенбаев Тоғжановтың Маңғыстау облысын басқарған жылдары жасаған былықтары туралы жақында видео жариялады. Сол видеода автор Тоғжановтың өңірдегі қасиетті саналатын белгілі үңгірдің үстіндегі жерді арабтарға 35 қабатты тұрғын үй салу үшін бергенін, құрылыстың салмағынан үңгірдің опырыла бастағанын айтады. Одан кейін, Тоғжанов Маңғыстауды басқарып тұрған кезінде жағалаудың көп бөлігін инвестиция тартамыз деген желеумен жеке тұрғын үй салуға беріп жібергені және бар. Ақтауда Алатау жоқ, аптап ыстықта жұрт саясына қашып тығылатын, шіліңгір шілдеде барып жан шақыратын Каспийдің жағасы осылайша жергілікті тұрғындардың көзінен бұл-бұл ұшқандай болған.

Тұйықтағы қала үшін жағалау демалыс аймағы, туризм көзі, ондай жерге есі дұрыс ел асса демалыс аймағын салады. Ал мұндай бизнеске сұранып тұрған «алтын аймақты» құрылыс компанияларына сатып жіберудің соңы туризмді дамытуға кедергі болып қана қоймайды, қаладағы коммуналдық жағдайдың асқынуына да басты себеп болары анық.  

Тоғжанов соңғы кездері «тек жүрсең тоқ жүресің» деген қазақ даналығын ұмытып кеткен сияқты. Осыдан аз ғана уақыт бұрын жұртты бір дүрліктірді. Өткен айда ғана «Обожаю» Ютуб арнасының жүргізушісі Асхат Ниязовтың әлсіз жерінен ұстап, сұрағынан жалтарды. Орыс тілді журналистің осал тұсы – қазақшаға шорқақтығы. Жаздың басында ғана Даниал Ахметов Ниязовтың ана тілін білмейтінін пайдаланып, журналистің өзіне қазақша сұрақ қойып, әбден қыспаққа алған. Қазақшадан гөрі, орысшаны жақсы көретін әкімнің аяқастынан қазақ тілінің жыртысын жырта қалғаны күлкілі көрінген. «Иттің сыры иесіне мәлім», Ахметовтің мұнысына жұрт бір ауыздан «хайп» деген баға берген. Арада ай аунамай жатып, Ахметов аузына түкіріп қойғандай Тоғжанов та сол сценарийді қайталады. «Ақтөбеде біз тек қазақ тілінде сөйлейміз. Орысша сұрақтың бәріне қазақша жауап бердім. Неге сен қазақ тілінде сөйлемейсің?» – деп, блогердің өзіне дүрсе қоя берді. Мұның артында тұрған ниетті аңғарған жұрт, әлбетте, блогерді ақтап алды. Рас, Қазақстанда тіл мәселесі нәзік тақырып, кезі келіп қалғанда тіл білмейтіндерді көк есекке теріс мінгізіп жібере салатын мысалдар аз емес, бірақ қазақ қоғамы бұл жолы өйте қоймады. Өзіне қойылған сұрақтан жалтарып, қазақ тілін қалқан қылғанын келемеждеп шықты. Бұл Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясын басқарып тұрған жылдары өзі еміренетін елбасы шығарған 130 ұлт өкілдерінің алдында тек қана орысша баяндама жасамайтын ба еді? Қысқасы, хайп қуам деп жүріп, қойтан жылғы әңгіме қайта қоздап сала берді.

Айтпақшы, «Елбасы медалін» тағайындап, оған жүз миллион теңгеден астам қаржы бөлдірген Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановқа су жаңа «идеясына» қатысты бірнеше сұрақ жолдағанбыз. Баспасөз қызметі біздің сұрағымызды өткен аптаның бейсенбі күні, яғни 24 тамыз қабылдап алып, мазмұнымен толық танысып шыққандарын айтты. Бес күн күттірген сұраққа газет беттеліп біткенше жауап болмады. Тоғжановтың баспасөз хатшысының «Бүгін сұраққа жауап болмайды» деген қысқа-нұсқа тілхатын алдық та материалға нүкте қойдық. Әйтеуір, сонша уақыт тықақтағанда қол жеткізгеніміз баспасөз хатшысының Тоғжановтың «Елбасы медалі» туралы ойынан бас тартуға дайындалып жатыр дегендей ишарасы, соны айтпасақ, оқырмандарымызға елбасышыл әкімнің ресми жауабын ұсына алмайтын болдық.

Тоғжановтың бес күн қарап, 120 сағат ойланған сұрағымыздың толық мазмұны мынау:  

Ералы мырза, Ақтөбе жастарына «Елбасы медалін» бергелі жатыр екенсіз. 104 миллион теңге қаржы жұмсалатын көрінеді. Жобаның қаржы көзі қайдан?

Жобаны Назарбаевқа тиесілі «Назарбаев қоры», «Нұрсұлтан Назарбаев қоры», «Демеу» қоры, «Елбасы қоры» неге қаржыландырмайды?

«Елбасы статусы» туралы заң жобасының күші жойылды. Ал Сіздер қалай «Елбасы медалін» тағайындап отырсыздар?

Н.Назарбаев биліктен кеткеннен кейін оның шапағатын көргендер, бірге қызмет еткендердің көбі тайқып шығып жатыр. Сіз де тұңғыш президенттің сеніміне кірген кадрдың бірісіз. Сіз үшін президент Назарбаев пен зейнеткер Назарбаев кім? Ол кісіге деген құрметіңіз, пікіріңіз өзгерген жоқ па?

Ескі заманның (!) адамы ғой, бәлкім, газеттен көріп қалып жатса, жауап беріп қалар, күтейік...

Тегтер: Без Тега
Жарас Кемелжан
Жарас Кемелжан Жарас Кемелжан

Оқыңыз