Тоқаев пен Путинге сауда және логистика саласындағы цифрлық жобалар таныстырылды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путинге сауда және логистика саласындағы цифрлық жобалар таныстырылды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, жүк тасымалын цифрландыруға және автомобиль тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды», – делінген хабарламада.
Таныстырылған жобалардың қатарында тауарлардың шығу тегін растауға және тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге арналған цифрлық таңбалау жүйесі, тасымалға қатысушылар үшін бірыңғай цифрлық орта қалыптастыратын Smart Cargo платформасы, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы көлік ағындарын үздіксіз талдайтын AI Jol цифрлық жүйесі бар.
Ақорданың мәліметінше, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сыртқы сауданың тиімділігін арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірлескен жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар мемлекет басшыларына теміржол, автомобиль және авиация салаларындағы көлік байланысын дамыту, сондай-ақ Қазақстан–Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерін қатар жаңғырту жоспарлары таныстырылды.
Ақорда хабарлауынша, форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен орыс жазушысы Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйға тартты.