Тоқаев үш жаңа жылу электр орталығын салуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев үш жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салуды тапсырды. Сондай-ақ ол келесі жылы еліміздегі алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы басталатынын мәлімдеді.
«Алдағы үш жыл ішінде Көкшетау, Семей және Өскеменде жоғары экологиялық стандарттарға сай технологиялар қолданылатын үш жаңа ЖЭО салынуы тиіс. Бұл станциялар міндетті түрде салынуы қажет. Бұл мәселе бойынша әңгіме көп, іс аз. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады», – деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның көмірді қоса алғанда, қазба отын қоры мол. Бұл – елдің табиғи бәсекелестік артықшылығы. Осыған байланысты биыл наурыз айында таза көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба қабылданған.
Президент сондай-ақ Қазақстанның уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы екенін және елде атом энергетикасын дамытуға қажетті инфрақұрылым бар екенін атап өтті.
Тоқаевтың сөзінше, атом энергетикасын дамыту туралы шешімді қазақстандықтар 2024 жылғы республикалық референдумда қолдаған. Оның айтуынша, бұл – өркениеттік маңызы бар таңдау.
Президент атом энергетикасы елдің энергетикалық егемендігінің кепіліне және болашақтағы энергияны көп қажет ететін цифрлық экономиканы дамытуға берік негіз болатынын айтты.