Тоқаев жырау, терме және күйшілерге арналған «Асыл мұра» сыйлығын тағайындады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, дәстүрлі өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы әсіресе жыраулық өнер, терме мен күйді қолдаудың маңызын атап өтті.
«Осыған байланысты мен “Асыл мұра” ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл сыйлық дәстүрлі өнер шеберлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге, олардың шығармашылығын насихаттауға және ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сыйлықты Мәдениет министрлігі талантты мәдениет және өнер қайраткерлеріне табыстайды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мәдениеті әлемдік деңгейде лайықты таныстырылып жатқанын айтты.
«Халқымыз жақсы білетін әрі сүйетін танымал музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, би өнерінің шеберлері мен креативті индустрия өкілдері жаңа қазақ мәдени толқынының айқын символына айналды», – деді президент.
Мемлекет басшысы 1992 жылдың 22 мамырында Қазақстанның ЮНЕСКО-ның толыққанды мүшесі болғанын да еске салды.
«Осы жылдар ішінде еліміздің материалдық және материалдық емес мұрасының жиырмаға жуық нысаны ЮНЕСКО тізіміне енді. Оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар. Бұл тізім алдағы уақытта кеңейе береді», – деді Тоқаев.