Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 02 Ақпан 2024

Тоқаевтың қабылдауынан қайтқан Қарашөкеев бірден «іске» кірісті

Ербол Қарашөкеев
Фото: из открытых источников

Қыркүйектің басында өңірге әкім болып келген Ербол Қарашөкеев бүгінге дейін аппарат басшысы мен баспасөз жетекшісін ауыстырды демесеңіз, әзірге апай-топай ауыс-түйіс жасамады.

 Шырақпайұлы әрең шыдап жүр ме, кім білсін, кешегі жиында есеп беруге келген Қордай мен Меркі ауданының әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есептерін қабағын шытып отырып тыңдап, үшеуіне де қатаң сөгіс берді.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі күрт кеміп, төтенше жағдай жарияланып жатқанда әкім ауысып, облыс басшылығына басқа емес, дәл сол диқандар тісін қайрап жүрген ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев келіп, апам да аң-таң, мен де аң-таң болғанбыз. Артынша, министрлікті көктетпеген Қарашөкеев өзі де құрғақшылыққа ұшырап жатқан облысты жарылқай ма деп, біраз ел шулап қоя берді. Осы шу басылсын деді ме, көп уақытқа дейін бойын жасырып, артық мінез көрсете қоймаған.

Сөйткен Қарашөкеев бірқатар аудандарда жоспарлы көрсеткіштердің тиісті деңгейде орындалмағанын анықтапты. Тізімнің басында Қордай мен Меркі ауданы тұр. Қабағын қанша түйгенмен, айтар ескертуі әдеттегідей жадағай, жалпылама көрінді.

«Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Бұл жұмысты әлі нақты түсінбейтіндер бар. Қолда бар бюджет қаражатын тиімді игере алмай отырған басшылар да жоқ емес. Бірқатар басқармалар мен аудандарда экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер толық орындалмаған».

Шамамен осылай. Дегенмен құр доңайбатпен шектелгісі келмеген болар, Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбек пен Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековке және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековке қатаң сөгіс жариялады.

Мұнан соң қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджет қаражатының игерілу барысын баяндап, Жамбыл және Мойынқұм аудандарында кірістер былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір кемігенін айтты. Әрине, мұндай кері кеткен көрсеткіш әкім болып келгеніне бес ай болған әкімге қайдан ұнасын, биыл «қайтсеңдер сөйтіңдер, бюджетті игеріңдер» деген кепте тапсырма беріп бір тоқтады.

Алдағы жақын күндері Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков те әкімдікке папкілерін құшақтап, есеп беруге келмек. Бұл екі ауданда мәселе Қордай мен Меркіге қарағанда көп болмаса, аз емесі анық. Ол кезде екеуінің есебін Қарашөкеев күліп отырып қабылдай ма, әлде қабағын түйіп отырып тыңдай ма, оны енді уақыт көрсете жатар. Ал бізге жеткен ақпар бойынша, премьер-министр Әлихан Смайыловтың туысы болып келетін, биыл зейнет жасына толатын Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтан басқа тоғыз аудан әкімдері «әне кетеміз, міне кетеміз» деп, әбіржіп жүргенге ұқсайды. Қарашөкеевтің алғашқы қысымнан өткенін, енді кадр сапырылыстыруды бастайтынын олар да сезіп отырған болар (әсіресе соңғы күндері «анау кетеді, мынау келеді» деген дақпырт желдей есіп тұр).

Бір қызығы, Уикипедияда Ербол Қарашөкеев әлі күнге ауыл шаруашылығы министрі болып тұр. Соған қарағанда, жаңа жылға дейін отыратынына өзі де сенбеді ме екен деген ой келеді. Бәлкім, көрсеткіштері жер тартып тұрған облыстың шаруашылығын ойлап жүріп, мұндай ұсақ-түйекке мән беруге шамасы келмеген болар. Енді ғана жан-жағына қаранып, президенттің алдына кіріп, «батасын» алып шыққан соң, қомдана бастаған сыңайлы.

Айтпақшы, 22 қаңтар күні ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдын көріп, есеп беріп қайтқан Қарашөкеев облыста инвестицияның мәнін түсінбейтіндердің әлі де бар екенін жасырып қалыпты. Керісінше, облыста инвестициялық жобалар пулына құны 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 жоба енгенін, соның арқасында 5,5 мың адамды жұмыспен қамтығалы жатқанын айтыпты. Және биыл жалпы сомасы 180 миллиард теңгеден асатын тағы 28 жобаны іске асырғалы жатқанын, оны тиімді игере алмай отырған кадрлар бар екенін айтыпты. Жасырып қалды деуден аулақпыз, алты ай бойы Жамбылдың осал тұсын таба алмадың дейтіндей емес, келгеніне жарты жыл да болған жоқ. Жаңа тағайындалған шенеуніктерге берілетін карт-бланшына сүйеніп, біраз мәселені айтуына да болар ма еді... Дегенмен облыс әкімі президенттің көңіл күйін түсіріп алам ба деп тартынған сияқты.

Тізіп жатудың керегі жоқ, дегенмен президенттің алдында айтқан басқа көрсеткіштері де тастай. Сондай керемет көрсеткішпен Ақордадан қайтқан әкімнің алдынан мынадай жағымсыз ақпарат алып шығуға болмайтынын «ескі кадрлар» білмей қалды ма екен... әйтеуір Қарашөкеевтің екпіні қатты.

Нұрболат ӘЛДИБЕК