Live

Төлегенова барлық талапты орындаса, сот оны жазадан толық босатуы мүмкін

Сәуір айының соңында Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім шықты. Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп таныды.

Блогерлер

Tengrinews.kz үкімнен кейін блогерлерге қандай шектеулер қойылғанын жазды.

27 сәуірде Эльмира Төлегенова мүлкі тәркіленіп, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жаза өтеу мерзімі 2 жылға кейінге шегерілді.

Ал оның жұбайы Ерболат Жанабылов 2 жылға шартты түрде сотталып, мүлкі тәркіленді.

Үкім шығарылар алдында прокурор айыптау талабын жеңілдеткен. Бастапқыда мемлекеттік айыптаушы екеуіне де 4 жыл түрме жазасын сұраған еді. Алайда соңғы сәтте Төлегенова ұсынған мәмілеге прокуратура келіскен.

Заң кеңесшісі Фарид Алиевтің айтуынша, Ерболат Жанабыловқа блогерлік қызметпен айналысуға тікелей тыйым салынбаған.

«Блогерлік қызмет ресми түрде шектелмейді. Бірақ түнгі коменданттық сағатты сақтау және ойын-сауық орындарына бармау талаптары орындалуы керек», - деді заңгер.

Осылайша Ерболат Жанабылов:
– блог жүргізе алады;
– контент түсіріп, пост жариялай алады;
– жарнама берушілермен жұмыс істей алады;
– жұмыс істеп, білім ала алады;
– күндіз қала ішінде еркін жүре алады.

Сонымен қатар оған бірқатар шектеу қойылған:
– сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінде болуы тиіс;
– жұмысына тікелей қатысы болмаса, клуб, бар секілді ойын-сауық орындарына баруға болмайды;
– дәрігер рұқсатынсыз психоактивті заттарды қолдануға тыйым салынады;
– пробация қызметін ескертпей тұрғылықты жерін өзгерте алмайды;
– шетелге шығуына шектеу қойылған.

Сондай-ақ үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде пробация қызметіне тіркелуі керек. Егер жұмысы немесе оқуы болмаса, бір ай ішінде жұмыссыз ретінде есепке тұруы тиіс.

Пробациялық бақылау 2 жыл бойы жалғасады. Егер талаптарды бұзса, шартты жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты құқықтық режим өзгеше. Оның жазасы кейінге шегерілгендіктен, түнгі шектеу немесе ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынбайды.

Төлегенова:
– уақыт бойынша шектеусіз еркін жүре алады;
– блогерлік қызметін жалғастыра алады;
– кез келген мекемеге бара алады;
– жұмыс істеп, оқуын жалғастыра алады.

Алайда оған да белгілі бір талаптар қойылған:
– қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек. Екі рет жазбаша ескерту алса, жаза мерзімін кейінге шегеру күші жойылуы мүмкін;
– баланы тәрбиелеуден бас тартуға немесе одан жалтаруға болмайды. Бұл жағдайда кейінге шегеру бірден тоқтатылады.

Ол да үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде пробация қызметіне тіркелуге міндетті.

Заңгердің айтуынша, егер Төлегенова барлық талапты орындаса, сот оны жазадан толық босатуы мүмкін.

«Ал талаптарды бұзса, мүлкі тәркіленіп, ең төменгі қауіпсіздік колониясында 2 жыл нақты жаза өтейді», - деді Фарид Алиев.

Тегтер: Жанабыловтар
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз