Сараптама

Тойда уағыз айту діни сауатсыздық па, әлде дәстүрден алшақтау ма?

Әлеуметтік желіде Түркістан облысында өткен тойдың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтқан ер адамның видеосы кеңінен тарап кетті. Онда ол «Музыка бар жерде ерлер мен әйелдердің бірге отыруы шариғатқа қайшы» деп бағалап, мұсылмандардың діни талаптарды қатаң ұстануы қажет екенін айтқан.

П

Бейнежазбада сөйлеп тұрған ер адам тойларда дастарқанға арақ қойылмағанын құптайтынын айтып, ендігі кезекте музыкадан бас тарту керектігін жеткізген. «Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлдем сай келмейді. Шариғатта оларды «шайтанның азаншысы» деп айтады. Екіншісі – ерлер мен әйелдердің бірге отыруы», – деген ол.

Іле-шала желідегі жұрт тойдың шырқын бұзып, тілектің орнына уағыз айтқан ер адамның діни сеніміне қатысты пікір білдіріп, үн қатты. Бұған Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікірін айтты. Оның айтуынша, көпшілік алдында әйелдерді кемсіту, әншілер мен музыка өнеріне теріс көзқарас таныту – Қазақстанның ұлттық болмысы мен зайырлы қағидаттарына қайшы.

«Бұл ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады. Сол секілді өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Сол себепті ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деп жазды Е.Қарин.

Балғабек МЫРЗАЕВ
Фото: ашық дереккөз

Балғабек МЫРЗАЕВ, «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, дінтанушы: Діни сауаттылық дін мен дәстүрді қатар түсіндіруден басталуы керек

– Бұл мәселені бір ғана бағыттағы жұмыспен шешу мүмкін емес. Бірнеше түйткіл қатар шешілмесе, мұндай келеңсіз құбылыстар жалғаса береді. Ең алдымен, қоғамның бір бөлігі өзінің ұлттық салт-дәстүрінен біртіндеп алыстап бара жатқаны байқалады. Қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы негізінен жаназа, ас беру, Құран бағыштау сияқты діни рәсімдерде ғана болған. Ал той-думан, мерекелік басқосулар мен отбасылық қуаныштарда халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне сай адамдар бірге отырып, араласып келген. Бұл – қазақтың өмір салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Сондықтан тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру барысында тек діни мамандардың түсіндіру жұмыстарымен шектелуге болмайды. Бұл іске қазақтың салт-дәстүрін, тарихын, әдет-ғұрпын терең білетін этнографтар, мәдениеттанушылар және дәстүртанушылар да тартылуы қажет. Өйткені қоғамға дін мен дәстүрдің бір-біріне қайшы емес, керісінше, өзара сабақтас ұғымдар екенін ғылыми әрі тарихи тұрғыдан түсіндіру маңызды.

Тағы бір назар аударатын мәселе – азаматтардың өздері өмір сүріп отырған мемлекеттің құқықтық қағидаттарына жеткілікті мән бермеуі. Көпшілік заң талаптарын тек құқық қорғау органдарының міндеті деп қабылдайды. Алайда әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілікті сезінуі – құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі.

Ең алаңдатарлығы – еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі конституциялық ұстанымын қабылдағысы келмейтін көзқарастардың әлі де кездесуі. Мұндай ұстанымдар қоғамның бірлігіне, қоғамдық келісімге және мемлекет тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан заң талаптарын түсіндірумен қатар, мемлекет зайырлылық қағидаттарына қайшы әрекеттерге дер кезінде құқықтық баға беріп, олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуі қажет.

Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін ұлттық дәстүр, діни құндылықтар және заң талаптары өзара үйлесім табуы керек. Сонда ғана діни радикализмнің алдын алып, жастардың дұрыс дүниетаным қалыптастыруына ықпал етуге болады.

«Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», көпшілікке өз ойын тықпалаған Түркістан облысының 66 жастағы тұрғыны қамауға алынып, оның жария түрде айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты «діни және әлеуметтік араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. ІІМ адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті. Сондай-ақ Қазақстанның зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екенін еске салып өтті. Мұнымен қоса, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынған. Сөз бостандығы өзгелердің ар-намысына тимеуі тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді.

Динара Мыңжасарқызы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз