Трамп ХАМАС-тың қарусызданатынын мәлімдеді, бірақ Израиль келісім жобасын қабылдамады
АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы ХАМАС пен басқа да қарулы топтарды толық қарусыздандыру туралы «тарихи келісімге» қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Алайда палестиналық қозғалыс өкілдері бұл құжаттың әзірге тек жоба екенін айтса, Reuters агенттігінің мәліметінше, Израиль оған қарсылық білдірген.
Трамптың сөзінше, келісімге делдалдардың Каирде ХАМАС басшыларымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілген. Қарусыздандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс.
АҚШ президенті бұл келісім Газа секторын басқаруды Бейбітшілік кеңесімен ынтымақтасатын жаңа палестиналық үкіметке беруге жол ашады деп мәлімдеді. Аталған халықаралық құрылымның құрамына Қазақстан да кіреді.
ХАМАС-тағы дереккөз Reuters агенттігіне келісім жобасы бойынша ауыр қару-жарақ Палестина әкімшілігінің айрықша бақылауына берілетінін айтқан. Бұл қару Израильге тапсырылмайды.
ХАМАС келіссөз тобының мүшесі Ғази Хамад Израиль әскері Газа секторынан толық шығарылмайынша, қозғалыс қарусыздануға келіспейтінін мәлімдеді.
Өз кезегінде Израиль ХАМАС-тың қаруын тапсыруға дайын екеніне күмәнмен қарайды. АҚШ-тың бір шенеунігі Израиль тарапының ұстанымын «аса күмәншіл» деп сипаттаған.
Бейбітшілік кеңесінің өкілі қарусыздандыру үдерісі 200–320 күнге созылуы мүмкін екенін айтты. Алайда АҚШ тарапы бұл мерзімді әзірге растаған жоқ.
Анонимді түрде пікір білдірген израильдік шенеуніктің айтуынша, ел билігі бұл ұсынысты Трамптың мәлімдемесіне дейін-ақ қабылдамаған. Израиль ХАМАС-тың толық қарусыздануын, қару-жарақтың Газа секторынан шығарылуын және өңірдің толық демилитаризациялануын кез келген келесі кезеңнің басты шарты деп санайды.
Ұсынылған құжат 15 тармақтан тұрады. Алайда Израиль тарапының бағалауынша, онда бұл талаптарға нақты жауап берілмеген.
Осылайша, Трамптың мәлімдемесі әзірге түпкілікті келісім жасалғанын білдірмейді. ХАМАС қарусыздануды Израиль әскерінің толық шығарылуымен байланыстырып отыр, ал Израиль алдымен Газа секторын толық демилитаризациялауды талап етеді.