Трамп Ирандағы көпірлер мен электр станцияларына соққы жасаумен қорқытты
АҚШ президенті Дональд Трамп егер Тегеран келіссөздер үстеліне қайта оралмаса, келесі аптада Иранның көпірлері мен электр станцияларына соққы берілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол АҚШ пен Иран арасындағы төртінші күн қатарынан жалғасып жатқан өзара шабуылдар аясында Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық жүктерге 20 пайыздық баж салығын енгізу жоспарынан бас тартқанымен, Иран порттарына теңіз блокадасын қайта жариялаған еді.
«Келесі апта олар үшін өте ауыр болады. Біз олардың барлық электр станцияларын істен шығарамыз. Егер келіссөз үстеліне отырмаса және келісімге келмесе, барлық көпірлерін қиратамыз», – деді Трамп.
Айта кетейік, Трамп сәуір айында да Иранның азаматтық инфрақұрылымына, соның ішінде көпірлер мен электр станцияларына соққы жасау мүмкіндігін айтқан болатын.
Сол кезде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Түрік халықаралық құқыққа сәйкес бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына әдейі шабуыл жасау әскери қылмыс саналатынын еске салған.
1949 жылғы Женева конвенциялары бейбіт халықтың өміріне қажетті нысандарға соққы беруге тыйым салады.
Алайда сейсенбі күні кешке Special Report with Bret Baier бағдарламасына берген сұхбатында Трамп Иранның энергетикалық инфрақұрылымы АҚШ-тың ықтимал нысандарының қатарында қала беретінін тағы да мәлімдеді.
«Энергетикалық нысандарды кейінге қалдырып отырмын, бірақ ақырында олар да соққыға ұшырайды», – деді АҚШ президенті.
Оның айтуынша, америкалық келіссөз жүргізушілер сейсенбі кешінде Иранға қатаң ескерту жолдаған.
«Оларға келісім жасаған тиімді. Әйтпесе қолдарында ештеңе қалмайды», – деді Трамп.
Қақтығыс жалғасып жатыр
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Ормуз бұғазы маңындағы ондаған нысанға соққы жасағанын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, операцияның мақсаты – Иранның теңіз қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету.
Иран армиясы Бампур қаласындағы әскери базаға жасалған шабуыл салдарынан кемінде жеті әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Кешм аралы, Бандар-Хомейни және Бушер порттары маңында жарылыстар болғаны айтылды. Кейін Ирандағы жалғыз азаматтық атом электр станциясы орналасқан Бушер портының да шабуылға ұшырағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Иран АҚШ-тың Иордания, Кувейт және Бахрейндегі әскери базаларына жауап соққыларын жасағанын мәлімдеді. Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы Бахрейндегі АҚШ-тың Бесінші флоты нысанаға алынғанын хабарлады.
Кемелерге шабуылдар
АҚШ әскері Иран жеті коммерциялық кемеге шабуыл жасап, нәтижесінде экипаж мүшелерінің қаза тауып, жараланғанын немесе із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеді. Қандай кемелер туралы сөз болып отырғаны нақтыланбады.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері Иранның қанатты зымырандары екі танкерге тигенін, салдарынан үндістандық теңізші қаза тауып, тағы сегіз адам жараланғанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ Ормуз бұғазында Кипр туымен жүзген GFS Galaxy жүк кемесі апат белгісін берген. Құтқарушылар 23 адамды эвакуациялағанымен, бір үндістандық теңізші кейін қаза тапқаны анықталды.
Иран кейінірек ескертулерді елемей, навигациялық жүйелерін өшіріп, миналанған бағытпен жүруге әрекеттенген екі танкерге соққы жасалғанын растады.
Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай
Трамп бұған дейін АҚШ Ормуз бұғазының «қорғаушысына» айналғанын айтып, оны қорғауды қаржыландыру үшін бұғаз арқылы өтетін барлық жүктерге 20 пайыздық баж енгізуді ұсынған еді. Кейін ол бұл жоспардан бас тартып, Парсы шығанағы елдерімен сауда және инвестициялық келісімдер жасауға басымдық беретінін айтты.
«Бұл инвестициялар өте ауқымды болады әрі олардың болашағына пайдалы», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Сонымен бірге АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын қайта енгізгенін мәлімдеді.
Ал Иран бұғазды бақылауды жалғастырып отырғанын айтып, АҚШ-тың жаңа шаралары бұрын жасалған уақытша бітімнің рухына қайшы келетінін мәлімдеді.
Кеме қозғалысын бақылайтын деректер Ормуз бұғазы арқылы өтетін тасымал көлемі соңғы екі айдағы ең төмен деңгейге дейін қысқарғанын көрсетіп отыр. Осы жағдай аясында Brent маркалы мұнай бағасы күрт өсті.