Қоғам

Трамп: Иранмен соғыс «аяқталуға өте жақын»

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы соғыс «аяқталуға өте жақын» екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Трамп

Журналист соғыстың аяқталған-аяқталмағанын сұрағанда, Трамп:
«Менің ойымша, ол… Егер мен араласпағанда, қазір ядролық қаруы бар Иран болар еді. Ал егер оларда ядролық қару болса, бәрі “мырза” деп сөйлеуге тура келер еді», – деді.

Сұрақты нақтылаған кезде ол:
«Иә, менің ойымша, соғыс аяқталуға өте жақын», – деп жауап берген.

Трамптың айтуынша, егер АҚШ дәл қазір әскерін шығарып әкетсе, Иранға қалпына келу үшін 20 жыл қажет. Сонымен қатар ол «біз әлі толық аяқтаған жоқпыз» деп, жағдайдың қалай өрбитінін уақыт көрсететінін атап өтті.

Трамптың пікірінше, Иран келісім жасауға «өте байыпты» түрде дайын.

Келісім бола ма?

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те 14 сәуірде Джорджия штатындағы іс-шарада сөйлеп, Трамптың басты мақсаты – Иранмен келісім жасау екенін айтты.

Оның сөзінше, Вашингтон Иранға ядролық қарудан бас тарту шартымен экономикалық даму мүмкіндігін ұсынған.

«Біз Иранды экономикалық тұрғыдан гүлденген елге айналдырып, оны жаһандық экономикаға қосамыз», – деді Вэнс.

Келіссөздер жалғасуы мүмкін

Бұған дейін Трамп Иранмен келіссөздердің жалғасуы мүмкін екенін де меңзеген. Оның айтуынша, жақын күндері Исламабадта «маңызды оқиғалар» болуы ықтимал.

Еске салайық, Ирандағы соғыс аясында жарияланған екі апталық бітім 22 сәуірде аяқталады. 12 сәуірде Пәкістан астанасында өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нақты нәтиже бермеген. АҚШ тарапы Иран ядролық қарудан бас тартуға нақты кепілдік бермегенін айтса, Тегеран Вашингтонды «қабылдауға келмейтін талаптар қойды» деп айыптады.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операцияны 28 ақпанда бастаған. Трамп бұл қадамды Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу қажеттілігімен түсіндірген.

Бес аптаға созылған әскери қақтығыстардан кейін тараптар уақытша екі апталық бітімге келген болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз