Саясат

Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты келіссөз өткізеді

Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты келіссөз өткізеді

Трамп, Путин Си

АҚШ, Ресей және Қытай басшылары тарихта алғаш рет үшжақты кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Келіссөз 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.

Бұл туралы Ақ үй мен Кремль өкілдері хабарлады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үш ел басшысының кездесуі жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Келіссөз Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылмақ.

Ақ үйдің хабарлауынша, кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – ядролық қаруды қысқарту және стратегиялық қауіпсіздік.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Қытайды қамтитын ядролық қаруды бақылау жөніндегі жаңа келісімге қол жеткізуді көздейді.

Сонымен қатар үш ел басшылары Ирандағы соғыс мәселесін талқылауы мүмкін.

Ал Украинадағы соғыс үшжақты келіссөздің негізгі күн тәртібіне енгізілмеген. АҚШ әкімшілігінің түсіндіруінше, Вашингтон Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді бөлек бағытта жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу туралы New START келісімінің мерзімі 2026 жылғы ақпанда аяқталған. Трамп оның орнына Қытай да қатысатын жаңа келісім жасауды ұсынған.

Алайда Қытайдың ядролық арсеналы АҚШ пен Ресейге қарағанда әлдеқайда аз. Сондықтан Бейжің үшжақты ядролық қарусыздану келісіміне қосылуға әзірге құлық танытпай отыр.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, алғашқы кездесуде нақты келісімге қол қойылады деп күтілмейді. Келіссөз үш державаның стратегиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалог бастауына мүмкіндік беруі мүмкін.

Айта кетейік, Трамп пен Си Цзиньпин үшжақты келіссөз алдында жеке кездесуді де жоспарлаған. Ал Трамп пен Путиннің бөлек екіжақты кездесуі әзірге қарастырылмаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз