Трамп Венесуэланың АҚШ туы түстеріндегі картасын жариялады
Дональд Трамп Венесуэланы АҚШ-тың «51-штаты» ретінде көрсеткен суретті Оңтүстік Америкадағы бұл елді қосып алу ниеті жөніндегі мәлімдемесінен кейін жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі, 12 мамыр күні өзінің Truth Social платформасында Венесуэла АҚШ туының түстерімен бейнеленген картаны жариялады. Суреттің үстінде қысқаша ғана «51-штат» деген жазу бар. Бұл жарияланымды Ақ үй де таратқан.
Бұған дейін америкалық лидер Fox News телеарнасына берген сұхбатында Венесуэланы АҚШ-тың 51-штатына айналдыру мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеген. Ол бұл шешімін «Венесуэланың 40 триллион долларлық мұнай қорымен» байланыстырған. Сонымен қатар венесуэлалықтар «өзін жақсы көретінін» айтқан.
Бұған дейін Дональд Трамп Канадаға бірнеше рет АҚШ-тың 51-штаты болуды ұсынған, сондай-ақ Гренландияны бақылауға алу жоспары туралы да мәлімдеген.
Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес Оңтүстік Америка елінің АҚШ құрамына қосылу мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, «бұл ешқашан қарастырылмайды», себебі венесуэлалықтар өз тәуелсіздігін бағалайды.
«Біз өз тұтастығымызды, егемендігімізді, тәуелсіздігімізді, тарихымызды әрі қарай да қорғаймыз», – деді Родригес 11 мамыр күні Гаагада журналистерге.
Ол Гаагада Венесуэла мен көршілес Гайана арасындағы мұнайға бай Эссекибо өңіріне қатысты дауды қараған Халықаралық сот тыңдауына қатысқан.
Родригестің сөзінше, Венесуэла – «отар емес, еркін ел». Сонымен қатар саясаткер Каракас Вашингтонмен ынтымақтастық бағдарламасын сақтап отырғанын атап өтті.