Қоғам

Трамп жақын күндері Иранмен келіссөздер қайта жандануы мүмкін екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі күн ішінде Тегеранмен келіссөздердің екінші кезеңі өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Еске салайық, өткен апта соңында Исламабад қаласында өткен алғашқы кезең нәтиже бермеген еді.

Ақш иран

«Алдағы екі күнде бірдеңе болуы мүмкін, біз соған бейімбіз», – деді Трамп New York Post басылымына берген телефон сұхбатында.

Алдымен ол Иранмен диалогтың «өте баяу жүріп жатқанын» айтқан. Алайда шамамен бір жарым сағаттан кейін журналистке қайта хабарласып, оны Пәкістанда қалуға кеңес беріп, жақын күндері маңызды оқиға болуы мүмкін екенін жеткізген.

Пәкістан арағайын болуға тырысып жатыр

Бұған дейін Пәкістандағы жоғары лауазымды дереккөз AFP агенттігіне ел үкіметі Вашингтон мен Тегеран өкілдерін қайта кездестіру және екі апталық бітімді ұзарту бағытында жұмыс істеп жатқанын айтқан.

Пәкістанның қаржы министрі Мухаммад Аурангзеб те Associated Press-ке берген сұхбатында АҚШ пен Иран арасындағы диалогты жандандыру әрекеттері жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, сенбі күні Исламабадта өткен кездесу – екі ел делегациялары арасындағы соңғы 50 жылдағы алғашқы тікелей келіссөз болған.

Келесі кезеңге кімдер қатысуы мүмкін?

CNN мәліметінше, келіссөздердің екінші кезеңіне де АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, сондай-ақ Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысуы мүмкін. Трамп соғыстан шығудың дипломатиялық жолын табуды тапсырған және бұл міндетті аталған тұлғаларға сеніп тапсырған.

Дегенмен, әзірге нақты кездесу уақыты бекітілмеген, ал Иран тарапы да келіссөзге дайындық жүріп жатқанын ресми түрде растаған жоқ.

Вэнс: «Үлкен келісімге» ұмтылыс бар

Джей Ди Вэнс келіссөздерге қатысты оптимистік көзқараста екенін білдіріп, алғашқы кезең сәтсіз аяқталғанына қарамастан дипломатиялық күш-жігер жалғасатынын айтты.

Оның сөзінше, келіссөздер барысында «айтарлықтай ілгерілеу» болған. Алайда Трамп «өз стиліндегі ауқымды келісімге» қол жеткізуді көздеп отыр.

Вэнс бұл келісім Иранның ядролық қару жасауына және АҚШ террористік ұйым деп таныған топтарды қаржыландыруына жол бермеуді мақсат ететінін, ал оның орнына санкциялар жеңілдетіліп, Иран халқының әл-ауқаты артуы мүмкін екенін атап өтті.

Ормуз бұғазындағы жағдай

АҚШ уақытымен дүйсенбі күні сағат 10:00-де Трамп жариялаған Иран порттарына теңіз блокадасын енгізу мерзімі басталды.

Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы Ормуз бұғазы арқылы басқа елдердің порттарына қатынайтын кемелердің қозғалысына шектеу қойылмайтынын нақтылады.

Тегеран болса бұл әрекетті «қарақшылық» деп бағалады.

Блокаданың тиімділігі әзірге күмән тудырып отыр. BBC тілшісі Фрэнк Гарднер мұны жеткілікті дайындықтың болмауымен және транспондерлер жұмысына кедергілермен түсіндірді.

BBC Verify дерегіне сәйкес, сейсенбі күні Иранмен байланысты кемінде төрт кеме бұғаздан өткен. Сонымен қатар, Иранға қатысы жоқ тағы үш кеме де қозғалысын жалғастырған.

Ал АҚШ Орталық қолбасшылығы алғашқы 24 сағат ішінде бірде-бір кеме өтпегенін мәлімдеді. Бұл операцияға 10 мыңнан астам әскери қызметкер, ондаған кеме мен ұшақ тартылған.

Wall Street Journal дерегінше, соңғы тәулікте бұғаз арқылы 20-дан астам коммерциялық кеме өткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз