Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 04 Сәуір 2025

Түкке жарамайтын құнсыз қағазды Ресейдің өзі де қайтып алмайды

Жанкелді Шымшықов
Фото: из открытых источников

Ресей рублінің көптеп келіп жатқаны бізге өте зиян. Рубль көбейген сайын ел экономикасындағы ештеңемен қамтамасыз етілмеген ақша бірліктері көбейеді деген сөз.

 Өйткені Ресей рублі күннен күнге құнсыз қағазға айнала береді. Онымен ештеңе сатып ала алмайсыз. Ресей өзі де алмайды. Еуроодақ сияқты өркениетті ұйым мүшесі болсақ, өзге елдің жиналып қалған валютасын сол елге өткізгенің үшін орнына тауар немесе алтын алар едік. Ал бізге үстемдік танытып отырған Мәскеуден мұны талап ете алмаймыз.

Ең қызығы, Ресеймен ортақ экономикалық одаққа мүше болып отырсақ та, маңызды сауда серіктесіміз болса да, екі ортадағы сауда-саттық рубль немесе теңгемен емес, доллармен жасалады. Демек, ресейліктер әкеліп өткізген көп рубльді екі ел ортасындағы саудаға да пайдалана алмаймыз.

Осының бәрін ескеріп, елімізге рубльдің шексіз ағылуына шектеу қоюымыз қажет еді. Оның зиян екенін біздің билік білмей отырған жоқ. Керісінше, әдейі соған жол беріп отыр. Өйткені үкімет басында кілең Ресейде білім алған, сол елде тәрбиеленген адамдар отыр, олардың бір бүйрегі Мәскеуге бұрып тұрады деп есептеймін. Үндістанды азат еткен Махатма Ганди «отардан шыққан елдің ең басты жауы – отарлаушы елден тәрбие алған шенділер» деген. Біздің биліктің басты дерті де осы деп ойлаймын. Осыны түземей, ел экономикасы оңалмайды.

Ештеңемен қамтамасыз етілмеген бос қағаз көпе-көрінеу елімізге келіп жатыр, оны бірден долларға айырбастап жатыр. Көз алдымызда жасалып жатқан қылмысты Ұлттық банк те, оның қадағалау комитеті де, Қаржы министрлігі де, ҰҚК де, үкімет те көз жұма қарап отыр. Ресейдің «сабан ақшасы» қаптап жатқаны экономикаға ауыр зиян екенін кез келген адам біледі. Билік біле тұра соған жол беріп отыр. Бұлай кете берсек, Беларусь сияқты Кремльдің жетегінде кету қаупі бар. Бұл Ресей президенті Путиннің арманы деп ойлаймын.

Біздің билік Ресейден кеткен бизнесті елімізге көшіреміз деп мақтанып жүр. Бірақ Мәскеудің мүддесі үшін жұмыс істейтін мұндай кәсіпорындар біздің экономикаға пайда емес, керісінше, салмақ салып отыр. Бұлармен бірге де сансыз рубль ағылып келгені анық. Ешқандай керекке жарамайтын құнсыз қағаз көбейген сайын теңгенің құнсыздануына себеп болатынын екінің бірі біледі. Ресей рубліне не сатып аласыз? Оны Кремль өзі де қайтарып алмайды. Ресей үш жылдан бері соғысып жатыр. Ортақ одаққа мүше болғанымыз үшін олардың соғыстағы мұқтаждығының бір бөлігін біз көтеріп отырмыз. Рубльдің ағылып жатқаны соның бір көрінісі.

Жанкелді Шымшықов, экономист