Түркия соты Нетаньяхуға халықаралық іздеу жариялауды сұрады
Ыстамбұл соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялау туралы Интерполға сұрау жолдау жөнінде шешім қабылдады.
Бұл шешім Газа секторына бет алған Global Sumud гуманитарлық флотилиясының ұсталуына қатысты іс аясында қабылданған.
Іс материалдарына сәйкес, Биньямин Нетаньяху мен Израильдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларына адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, азаптау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айып тағылып отыр.
Алайда соттың бұл шешімі Интерполдың Израиль премьер-министрін халықаралық іздеуге жариялағанын білдірмейді. «Қызыл хабарлама» (Red Notice) жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерпол өз рәсімдеріне сәйкес дербес қабылдайды.
Мұндай хабарлама жарияланған жағдайда, іздеудегі адамның жүрген жерін анықтауға және ол орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес уақытша ұстауға мүмкіндік беріледі.