Қоғам

Түркістанда 3 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айыппен 27 адам сотталды

Түркістан облысында 3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесіне сот үкімі шықты.

Сот үкімі

Олардың әрқайсысы қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2016–2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы арқылы бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.

Тергеу барысында несие алу үшін жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелгені анықталды. Құжаттарға қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған.

Сонымен қатар несиелеу саласының мамандары жалған несиелік қорытындылар, тексеру актілері мен қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы құжаттарды рәсімдеп, несиелердің заңды берілгені туралы жалған көрініс қалыптастырған.

Ал бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары жоқ немесе құны негізсіз көтерілген мүлікке жалған бағалау есептерін әзірлеген. Тергеу мәліметінше, нотариустар да ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылған мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған.

Іс бойынша барлығы 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталған. Ұйымдасқан топ 24 жалған несие рәсімдеп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысанды көрсеткен.

Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық нысан және 4 автокөлік тәркіленді.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз