Түркістанда патрульдік полиция инспекторы жол апатынан қаза тапты
Түркістан қаласында қызметтік міндетін орындау кезінде патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2 шілде күні полиция экипажы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегінің жолын кесуге бара жатқан. Осы кезде Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында Chevrolet Cobalt автокөлігі жол апатына ұшыраған. Апат салдарынан полиция капитаны алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларда екі полиция көлігінің зақымданғаны, олардың бірінің алдыңғы бөлігі толықтай қирағаны көрінеді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полицейлер апаттың барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.