Үкімет шегірткемен күресуге 8,1 млрд теңге бөледі
Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
2024 жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 млн га құрайды. Бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарып, биыл 13,3 млн гектарды құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.
Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге көзделген. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқанын дер кезінде сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды, делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Үкімет шегірткемен күрес жұмыстарына биыл 8,1 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды. Республикалық бюджеттен үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 млрд теңге бөлінді, дейді Үкімет.
Фото: ҚР Үкіметі