Украина дрондары Омбы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады
Украиналық Telegram-арналарда Омбы қаласына украиналық дрондардың шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда дрондардың қалаға қарай ұшып бара жатқаны және Омбы мұнай өңдеу зауыты маңында өрт шыққаны көрсетілген.
Әзірге соққының нақты Омбы мұнай өңдеу зауытына тигені, зардап шеккендер мен келтірілген шығын көлемі туралы ресми ақпарат жоқ.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко өңір аумағында алғаш рет украиналық дрон атып түсірілгенін, сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында Омбы әуежайының алғаш рет уақытша жабылғанын мәлімдеді.
Соның салдарынан бірнеше әуе рейсі қосалқы әуежайларға бағытталды. Атап айтқанда, Сургуттан ұшқан ұшақ Новосібірге, Санкт-Петербургтен келген рейс Сургутқа, Мәскеуден шыққан ұшақ Новосібірге, ал Ташкенттен ұшқан рейс Астанаға қондырылған.
Exilenova+ арнасының мәліметінше, нысанаға қанат пішіні өзгертілген FP-1 үлгісіндегі жаңа дрон жеткен. Омбы Украинадан шамамен 2500–2700 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, бұл соғыс басталғалы жасалған ең алыс қашықтықтағы шабуылдардың бірі болуы мүмкін.
Жергілікті дереккөздер Омбы мұнай өңдеу зауытының өртеніп жатқанын хабарлайды. Ал облыс губернаторы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері дрон шабуылын тойтаруды жалғастырып жатқанын айтты.
Айта кетейік, 1 шілдеде Омбыда да дрон шабуылы қаупі жарияланып, тұрғындарға жақын маңдағы ғимараттарға немесе жерасты өткелдеріне жасырынуға кеңес берілген болатын.
Омбы мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады және «Газпром нефть» компаниясының құрамына кіреді. Оның жылдық өндірістік қуаты шамамен 21 миллион тонна мұнай өнімін құрайды.
Бұл жағдай Қазақстан үшін де маңызды, өйткені Омбы Павлодар облысына жақын орналасқан. Омбы мен Павлодар арасындағы қашықтық автомобиль жолымен шамамен 417 шақырым.
Сонымен қатар Омбы бағыты Қазақстанның мұнай логистикасында маңызды рөл атқарады. Павлодар мұнай-химия зауыты тарихи тұрғыдан Омбы – Павлодар мұнай құбыры арқылы шикізат жеткізу жүйесімен байланысты.
Қазіргі уақытта Омбыдағы жағдайдың Қазақстанға мұнай жеткізуге немесе Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысына әсер еткені туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.